ОҚО-да заңсыз жолаушылар тасымалына қарсы рейд өткізілді

None
None
 ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында заңсыз жолаушылар тасымалына тосқауыл қою мақсатында арнайы жұмысшы топ Созақ ауданында рейдтік шара өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасына сәйкес қолға алынған шара такси тұрақтарын реттеп, олардың жұмысын оңтайландыру және заңсыз тасымалға тосқауыл қою мақсатында ұйымдастырылды. Рейдке облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен ОҚО Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары, сондай-ақ облыстық көліктік бақылау инспекциясының, аудандық кірістер басқармасының, жер қатынастары бөлімінің мамандары және облыстық жергілікті полиция қызметі тарапынан арнайы 4 экипаж қатысты.

Шара барысында Созақ ауданының орталығы Шолаққорған елді мекенінде заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысатын екі орын анықталды. Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті тарапынан тексеру жүргізіліп, анықталған заңсыздықтар ретке келтірілді. Сондай-ақ заңсыз такси қызметімен айналысқан 20 көліктің иесіне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, олар аудан әкімдігіне жолаушы тасымалымен айналысуды заңдастырды.

Бекітілген жұмысшы топ тарапынан жергілікті әкімдік қызметкерлеріне жеңіл такси көліктеріне арнайы тұрақ ұйымдастырып, заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысатын көлік иелерінің хабарламаларын тіркеу тапсырылды. Қысқа мерзім ішінде барлық таксилердің жұмысын заңдастыру міндеттелді.

Сонымен қатар, облыстық жергілікті полиция қызметі тарапынан рейдтік іс-шаралар жүргізіліп, заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысқан шағын автобус және жеңіл такси көліктеріне ҚР ӘҚБК-не сәйкес 28 әкімшілік хаттама түзіліп, 336 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Соңғы жаңалықтар