ОҚО-да «Түркістан - Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы қорытындыланды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін «Түркістан - Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы аясында өткізілген іс-шаралардың қорытындысы бойынша жиын өтті. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың төралығымен өткен жиында халықаралық деңгейдегі шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруға белсене қатысқандар марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында «Қазақстан-Түркия арасындағы достық пен ынтымақтастықты дамытқаны үшін» медалі облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиевке, облыстық мәслихаттың депутаттары Өмірзақ Мелдеханов пен Серікжан Сейтжановқа, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұловқа, «ОҚО Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Жамалбек Шәріпбекке, Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаевқа және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Уалихан Әбдібековке табысталды.

«Өткен жылдың желтоқсан айында ТҮРКСОЙ Тұрақты Кеңесінің отырысында Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы болып, Ер түріктің бесігі болған Түркістанның жариялануы еліміз үшін, оның ішінде Оңтүстік өңірі үшін зор мақтаныш болды. Біз биыл Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мерекесінен бастау алған бүкіл түркі жұртына ортақ «Түркістан - Түркі әлемінің мәдени астанасы» аясында жыл бойы халықаралық деңгейдегі 40-тан астам түрлі іс-шараларды атап өттік. Осынау маңызды шараны барынша жоғары деңгейде өткізуге бар күш-жігеріміз бен ынта-ықыласымызды салдық. Халықаралық іс-шараларды ұйымдастыруға белсене қатысқандарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін»,-деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, жиында облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібековке ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қайсейіновтің Алғыс хаты мен арнайы сыйлығы тапсырылса, облыс әкімінің Алхыс хатымен облыстық мәслихатының депутаттары, аудан, қала әкімдері және басқарма басшылары марапатталды.

Мәжіліс соңында аймақ басшысы алдағы Еліміздің Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, жылдан жылға басты құндылықтарымыз - Тәуелсіздік, Бейбітшілік пен Ұлттық бірлігіміз нығая берсін, деп сөзін қорытындылады.

Соңғы жаңалықтар