ОҚО-да туристерге 2700 метр биіктіктегі таңбалы тастар көрсетіледі

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Оңтүстік Қазақстан облысында QazaqGeography Қазақстандық ұлттық географиялық қоғамы облыс әкімдігімен және өңірдің альпинизм және спорттық туризм федерациясымен бірігіп, «ЭтноАртФест» фестивалін өткізуде. 15-20 тамыз аралығында «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде ұйымдастырылатын шараның мақсаты - ұлттық парктің тамаша табиғатын паш етіп, халықты тау туризмі дағдыларына үйрету, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі. 

Сондай-ақ ұлттық мәдениетті түсіндіру, туризмді (оның ішінде тау туризмін) насихаттау және облысқа туристер тартуды көздейтін шараға QazaqGeography мүшелері және барлық ниет білдірушілер қатысады деп күтілуде. Фестиваль қонақтары 2200 метр биіктікте орналасқан Кергелі шатқалы арқылы тау көліне саяхат жасап, 2700 метр биіктікте көптеген таңбалы тастар орналасқан «Ата-бабаларымыз аңғарына» көтерілетін болады. Алдын ала жоспарланған бағыт бойынша қатысушылар Сазан ата шатқалы арқылы өтіп, шатқалда Өгем жоталарына және Оңтүстік Қазақстан облысының ең биік нүктесі - Сайрам шыңына шықпақ.

Ал лагерьде «Қолөнершілер қалашығы», «Қазақ ұлттық ойындары» және «Қазақ ұлттық асханасы» алаңқайлары ұйымдастырылады. Алаңқайларда Оңтүстік Қазақстан облысының этномәдени орталықтары интеркативті іс-шаралар ұйымдастырып, Қазақстан халықының көпұлтты мәдениетінің атмосферасын қалыптастыруды көздейді. Өз кезегінде саяхаттың бұл түрі оңтүстік өлке тұрғындарының барлық тамаша жерлерін, олардың қонақжайлылығын, ашықтығын паш етеді.

Айта кетейік, QazaqGeography Қазақстандық ұлттық географиялық қоғамы 2013 жылы құрылған. Қоғамның жұмысы 5 түрлі бағыт бойынша жүргізіледі. Яғни, география, және климат, қоршаған орта мен табиғи байлықтар, биоалуандық, туризм және саяхат, өлкетану мен тарихи-мәдени мұра және этнография. Қазіргі таңда қоғамның еліміз бойынша 11 өкілдігі ашылған. Олар Алматы қаласында, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында орналасқан.

Бүгінгі күні QazaqGeography Еуразиялық топ (ERG), «Шығыстүстіметалл» ЖШС, «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС секілді компаниялардың демеушілігінің арқасында бірқатар ауқымды жобаларды іске асыруда. 

Соңғы жаңалықтар