ОҚО-да тасқын судан қауіп жоқ

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында су тасқынынан қауіп жоқ және жағдай тұрақты бақылауда. Аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі таңда аудан, қалаларда тасқынға қарсы штабтар құрылып, тәуліктік кезекшіліктер ұйымдастырылуда. Облыс аумағындағы барлық су қоймалары мен өзен көлдерге күнделікті мониторинг жүргізілуде.

Облыс әкімінің айтуынша, өңірдегі су қоймаларының орташа толуы 35-60 пайызды құрайды. Қаңтар айының соңында ауа-райының суық болуының салдарынан Сырдария өзенінде мұз қатқан. Қазіргі таңда мұз еріп, өзен бойында орналасқан аудандарда жағдай бақылауға алынған. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі тарапынан «Су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған іс-шаралар кешені» жол картасына 98 инженерлік шаралар енгізілген.

«Жол картасына сәйкес 2017 жылы 247 елді мекенде төтенше жағдайдын алдын алу және жою бойынша 42 шара ұйымдастырылды. Бұл мақсатқа 3,5 млрд теңге бағытталған. Бадам, Келес, Шаян өзендерінде арна түзеу, қорғаныс дамбалары және 2 530 метр жағаны бекіту мен 3,08 шақырым бөгет тұрғызу жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ, 352,3 шақырымдық бұрыннан бар дамбалар нығайтылып, 49 шақырым жаңа бөгеттер салынды. Бұдан бөлек, 52,5 шақырым өзен жағалаулары бекітіліп, 673,3 шақырым арық-каналдар, 397 су өткізу құбырлары тазаланды. Жергілікті халықты хабардар ету үшін дабыл беру қондырғылары сатып алынды», - деді Жансейіт Түймебаев.

Әкімнің мәліметінше, өңірде ағымдағы жылы тасқынға қарсы 39 іс-шара жоспарланып, оған жалпы 2,6 млрд теңге қаралып отыр. Бүгінгі таңға сметалық құжаттар толық дайындалған. Облыстық бюджеттен 18,5 млн  теңге бөлініп, жаңадан салынатын су қоймалардың орындарына зерттеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде су жинақтау көлемі 378,64 млн  текше метрді құрайтын 26 су қоймасын салу қарастырылуда.

Ал, республикалық бюджеттен су жинақтау көлемі 340,5 текше метрлік 3 нысанның құрылысы жүргізіледі. Нәтижесінде жаңадан 9 мың гектар суармалы жер айналымға қосылатын болады.

Сырдария өзені бойында орналасқан Шардара су қоймасының сыйымдылығы 5,2 млрд текше метрді құрайды. Бүгінгі таңда мұнда секундына мың текше метр су келіп, жиналған су көлемі 3 млрд 185 мың текше метрге жеткен. Онда жиналған су көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1 млрд 036 млн текше метрге аз. Сондай-ақ, қазіргі таңда Көксарай су қоймасында 1 млрд 739 мың текше метр су жиналды. Өңірде қар мен жауын-шашынның 40-50 пайызға аз түсуіне байланысты тасқыннан айтарлықтай қауіп күтілмейді.

Соңғы жаңалықтар