ОҚО-да су құбырларын тартуға қомақты қаржы бөлінді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында елді мекендерге су құбырларын тартуға 399 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл қаражатқа 5 ауылдың тұрғындары таза ауызсумен қамтамасыз етілетін болады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аталған ауданның әкімі Салыхан Полатов Елбасының бес әлеуметтік бастамасы негізінде атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады.

Әкімнің сөзіне қарағанда, аудандағы 35 елді мекеннің 23-іне ауызсу құбыры тартылған. Қазір соның 16-сына су үздіксіз, 24 сағат бойы беріледі. Қалған 7 ауылдың тұрғындары тіршілік нәрін  белгілі бір уақытпен тұтынады. Бұдан бөлек ауданда көгілдір отынға қол жеткізу үшін тиісті жұмыстар жүргізіле бастаған. Кәсіпкерлер қатары да көбейіп, оларға барынша қолдау көрсетілуде екен.

«Оңтүстіктегі индустриялды аймақта былтыр 5 жоба іске қосылды. 917 млн теңгенің өнімі өндіріліп, бюджет бүйірі томпайды. Сол арқылы екі қолға бір күрек таппай жүрген талай жан тұрақты жұмыс тапты.  Елбасының бес әлеуметтік бастамасы негізінде биыл тұрғын үй құрылысы жүргізіледі. Шолаққорған ауылынан 10 пәтерлі 2 тұрғын үйдің, Созақ ауылынан 10 пәтерлі 1 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталады. Аудан орталығында екі қабатты 14 үйдің құрылысын жүргізуге жобалық сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптама қортындысын алу жұмыстары қолға алынған»,- деді Салыхан Полатов. 

Аудан басшысының айтуынша, өткен жылы Созақта  235 орындық үш балабақша ашылған. Биыл «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамтуды 90,1 пайызға жететін болады.  Сондай-ақ, Астананың 20, ауданның 90 жылдығына орай Қарағұр, Жартытөбе ауылында саябақ салынады.

«Аудандағы құрылыс саласы бойынша бүгінгі таңда Шолаққорған ауылындағы «Тәуелсіздік» алаңының құрылысы аяқталды. Шолаққорған ауылында С.Қожанов мұражайының құрылысы басталды. Балдысу елді мекеніндегі Ж.Жабаев атындағы орта мектебінің, Құмкент ауылдық округіндегі спорт ғимаратының, қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигонның құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, биыл демеушілер есебінен бірнеше елді мекенде 10 футбол алаңын және 2 балалар ойын алаңшасын салу жоспарланып отыр», - деді Салыхан Сабырұлы.

Ал, автомобиль жолдарын жөндеу бойынша қазіргі таңда Шолаққорған ауылындағы 7,1 шақырымдық Түркістан-Созақ автомобиль жолының жұмыстары аяқталған. Бұдан өзге, биыл аудандық маңызы бар 5 шақырымдық Қарабұлақ-Балдысу автомобиль жолы биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар