ОҚО-да Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс баһадүрге ескерткіштер орнатылды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  - Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында Орбұлақ шайқасындағы жеңістің 375 жылдығына арналып, ерекше  мемориалдық кешен бой көтерді. Оның хас бетінде Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс Баһадүр батырларға арналған ескерткіш ашылды, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкент-Ташкент халықаралық күре жолының бойында салынған «Батыр бабалар» мемориалдық кешені алаңының сыртқы жағында бірнеше паннолар орналасқан. Оның бірі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған зар заманды бейнелесе, екіншісінде Орбұлақ шайқасының көріністері айшықталған. Қабырғада Ұлы жеңіске қол жеткізуде ерекше көзге түскен екі қолбасшымен бірге сардар  батырлардың аты-жөндері өшпестей етіп, гранит тасқа қашалған. Ал, қос батырға салынған қола мүсіннің биіктігі 12 метрді құрайды. Осынау тарихи ескерткіштер меценат Бекет Тұрғараевтың бастамасымен салынды. Тас мүсіннің ашылу салтанатына еліміздің қоғам қайраткерлері, танымал ғалымдар мен жазушылар арнайы келді.

«Халық өзінің тарихы қандай, жұрты қандай болғанын түйсінуі керек. Алдағы уақытта осындай игі істер жалғасын таба береді деп ойлаймын. Ел болғаннан кейін елдің игілігіне көңіл бөлуді жекелеген азаматтар да өзімнің перзенттік парызым, қарызым деп түсінуі керек»,- деді меценат Бекет Тұрғараев.

Жиында сөз сөйлеген қоғам қайраткерлері тас тұғырдың маңыздылығына тоқталды. Қазақ жауынгерлері жоңғардың 50 мың әскерін Орбұлақ тұсында тоқтатып, 10 мың әскерін жойған. Кейіннен Жәңгірханға 20 мың қолды бастаған Жалаңтөс батыр көмекке келіп, ойсырата жеңген. Қиын-қыстау күн туғанда қазақтың «бір үйдің баласы, бір қолдың саласындай» болатынын тұғырға қонған батырлар көрсетті. Ал, тарихтағы шындық тек ел тәуелсіздігінен кейін айтылды.

«Бұл ескерткіш екі ірі тұлғаның қатар тұрған көрінісі. Екеуі де ұлы тұлға. Екі тұлғаға арналған ескерткіштің қасиетті Қазғұрт тауының етегінде орналасуы бұл бірлікке қызмет жасайды. Бұл бабалардың арманының іске асқанының көрінісі. Осы шаруаның бәрін ұйымдастырып жүрген Бекет Тұрғараұлына алғысымыз шексіз»,- деді ҚР Ардагерлер ұйымы орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев.

Соңғы жаңалықтар