ОҚО-да прокурорлар жасөспірімдер арасында қылмыспен күресті күшейтті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында прокурорлар жасөспірімдер арасында қылмыспен күресті күшейтті. Себебі, халқы тығыз орналасқан ауданда оқушылардан ақша бопсалау, күш көрсету сияқты деректер жиілеп кеткен, - деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Прокурорлардың сөзінше, бір ғана Сарыағаш ауданында жыл басынан бері жасөспірімдермен 7 қылмыс жасау, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру фактісі анықталды. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мақсатында жүргізілген тексеру барысында 23 заңбұзушылық деректері анықталып, 245 жасөспірімнің құқықтары қорғалған. 21 тұлға жауапкершілікке тартылды. Осыған орай ауданының қадағалау органы  өкілдері арнайы мобильді топ құрып, оның құрамына прокурорлар мен білім бөлімінің қызметкерлері қатыстырылып отыр. Айналасы екі айдың ішінде топ аудандағы мектептерді түгел аралап шықты.

«Аудан бойынша 142 білім ошағы бар. Онда мыңдаған оқушы тәлім алады. Олардың барлығын түгел жинап, басын қосу мүмкін болмағандықтан, біз ұстаз, ата-аналармен қатар мектеп белсенділерінің басын қостық.  Онда оқушылар қылмыстың алдын алу барысында өз ойларын ортаға салды», - дейді аудан прокуроры Нұржан Боранбаев.

Соңғы кезде мектептерде әлімжеттік, ақша жинау жайттары жиілеген. Бүгінгінің балалары, сондай-ақ, бұзақылық, ұрлық, алаяқтық жасауға үйір. Ал заң бойынша, мектеп оқушысы қылмыс жасағанымен, 14 жасқа дейін оларға ешқандай жаза қолданылмайды. Осыдан барып, балалар арасындағы қылмысты ауыздықтау қиын болып тұрған көрінеді. Енді мобильдік топ осы бағытта профилактикалық жұмыстарды жүргізетін болады. 

Соңғы жаңалықтар