ОҚО-да музей қызметкерлері мәдени мұраны сақтау мәселелерін талқылады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі және Руханият - Әбу Нәсір әл-Фараби музейінің бірлесуімен «Мәдени мұраны сақтау және қалпына келтіру мәселелері» республикалық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылған семинарға тарихшылар, отандық ғалымдар мен музей ісінің мамандары қатысты. Басқосу музей қорындағы құнды жәдігерлермен және өңірлік қолөнер шеберлерінің бұйымдарымен жабдықталған көрмеден басталды. Жиынды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті директорының орынбасары Әбіл Жоламанов ашып беріп, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтауын жеткізді.



Сонымен қатар, ҚР Ұлттық мұражайы директорының орынбасары Дәулеткерей Құсайынов және аудан әкімінің орынбасары Рыскелді Әліш Отырар тарихына, тарих зерттеушілері мен музей мамандарының еңбектеріне, жеткен жетістіктеріне тоқталып өтті. Жиында зерттеуші-ғалымдар музей ісінде мамандармен бірлесіп, зерттеулер жүргізуге жұмылдыру және еліміздегі әр өңірлік музейлердің қорында сақтаулы құнды мұралардың тарихын ашу мәселелерін сөз етті. Жәдігерлердің аймақтық ерекшеліктері, оларды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді қолға алу мәселелері қаралды.



Ұлттық қолжазбалар және сирек кітаптар орталығы директорының орынбасары, философия ғылымдарының докторы Әмірқұл Әбуов Түркістандағы жерасты жолын ашу туралы ұсынысын білдіріп, әулиелігі мен кереметтері арқылы көпшілікке танылған тұлғалар жайлы «Рашахат Айн Әл-Хаят» атты кітапты мұражайға табыстады. Семинардың пленарлық отырысында еліміздің әр түкпірінен келген қатысушылар баяндамалар оқып, тың ойларын ортаға салды. Сондай-ақ музейлер саласындағы өзекті мәселелері талқыланып, құнды жәдігерлердің жинақталуы мен тарихының ашылуына ерекше мән беріліп, ұсыныс-пікірлерде айтылды.

Жиыннан кейін қонақтар Арыстанбаб кесенесі мен Отырар қалажұрты орындарына барып, тарихымен танысты. Отырар қорық - музейінің реставрация және консервация бөлімінің қызметкерлері «Музейлік жәдігерлер қайта қалпына келтіру мен сақтау ережелері» бағыты бойынша өз жұмыстарымен таныстырып, «Қолданбалы өнерді дамыту» секциясы барысында шеберлік сабағын ұйымдастырды.

«Музей қорындағы жәдігерлерді есепке алуда қолданылатын ережелер» тақырыбындағы соңғы секция бойынша қор сақтау бөлімінің қызметкерлері жәдігерлерді сақтау қоймаларымен және есепке алу, тіркеу құжаттарымен таныстырып, тәжірибе алмасты.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Әзірет Сұлтан, Гауһар ана, Үкашата кесенелеріне саяхат жасады.

Соңғы жаңалықтар