ОҚО-да мемлекеттік бағдарламалар баспана мәселесін шешуде

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламалары ел игілігіне жарап, баспана мәселесін шешуде. Оның аясында Шардара ауданында бірнеше тұрғын үйлер салынуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Облыс орталығынан шалғай орналасқан Шардара ауданында баспана мәселесі өзекті саналады.  Проблеманы шешу мақсатында Сүткент пен Егізқұм, Достық ауылдарында жаңадан 9 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Тағы да бірнеше үйдің жобасы жасалынуда. Бұл баспаналар әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасы мен жас мамандарға берілмек.  

«Осы үйлердің құрылысын 2016-жылдың қараша айында бастадық. Содан біз былтырғы сметада көрсетілген қаражатты толық игердік. Енді биылғы жылы қалған жұмыстарды осы сәуір айында бітіреміз деп отырмыз», - дейді құрылыс компаниясының өкілі Абай Ахайбеков.

Құрылысшының сөзінше отандық өнім қолдауды қажетсінеді. Сондықтан баспана тұрғызуға негізінен елімізден  шығарылатын материалдар пайдаланылуда. Мұнымен қоса, бағдарлама аясында 12 жергілікті тұрғын жұмысқа тартылыпты.

«Біз биыл Алатау батыр, одан кейін Көксу ауылдық округтерінен де он үйден салуға сәулеттік жоспарлау тапсырмасын жасап жатырмыз. Соның жобалық-сметалық құжаттарын әзірлетсек, келесі жылы ол баспаналардың құрылысын жүргізетін боламыз. Осы әр жыл сайын осындай ауылдардан 3 үйден, 10 үйден қойып шықсақ, біз бүкіл ауылды бір ретте қамтамасыз етіп шыға аламыз осы үймен»,- дейді Шардара аудандық сәулет және құрылыс бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Нұрғали Мырзахметов.

Соңғы жаңалықтар