ОҚО-да мектеп директорларын үрейде ұстап, бопсалап келген журналистер анықталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында жекелеген журналистер қызметтік құқықтарын теріс пайдаланып, мектеп асханасы мен сынып журналын тексеріп келген. Базбірі жекеменшік газет ашып, оны бопсалаушы құралға айналдырған. Бұл туралы Журналистер одағының оңтүстіктегі филиалының төрайымы Айгүл Қапбарова облыстық прокуратура өкілдері мен ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған «БАҚ және құқықтық сауаттылық» атты семинарда мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі. 

БАҚ өкілдерінің құқықтық сауаттылығы мен әрекеттеріндегі заңсыздықтар сөз болған жиында бірқатар келеңсіз жайттар көтерілді. Семинарда сөз алған  жергілікті басылымның бас редакторы Айгүл Қаппарова әсіресе жекелеген газеттер ашып алған журналистердің шектен шығып бара жатқан әрекеттерін атап өтті.

«Бүгінгі күні облыста мектептерді аралап, журнал тексеретін журналистер пайда болды. Олар мектеп директорларын қорқытып, асханаларға дейін тексеретін болған. Оларды бопсалап, ақша талап етеді. Сөйтіп өздері ашып алған газеттерді бопсалаудың құралына айналдырған.  Бұны заңсыз деп білемін. Журналист тек ақпарат алуға құқылы. Журнал талап етіп, бала санын анықтайтын, асхана тексеретін құқы жоқ. Өкінішке орай бізде «прокуратура» сөзін жаза алмайтын журналистер прокуратура мен заң туралы мақалалар жазады. Сондықтан да құқықтық сауат жөнінде осындай семинарларды көптеп өткізуді ұсынамын», - деді Журналистер одағының оңтүстіктегі филиалының төрайымы.
null 

Ал облыстық прокуратура өкілдері болса жыл басынан бері 6 БАҚ-қа қатысты азаматтық іс қаралғанын атап өтті. Азаматтар негізінен журналистердің жалған ақпарат беру, ар-намысқа тию сияқты әрекеттеріне шағымданған. Өткен жылы осындай 8 дерек тіркелген. Жуырда бір газеттің бас редакторы алаяқтық жасап, кәсіпкерден 5 млн теңге бопсалағаны үшін қамауға алынды. Тергеу барысында Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкері болып табылатындығы туралы өзіне жалған куәлік жасап алғаны да анықталған. Облыс прокурорының орынбасары Жанболат Туғанбаевтың айтуынша, биылғы алты айда құзырлы органдарға қатысты 274 сыни мақала жарияланған. Оның көпшілігі журнаkистік этикаға сай емес.

«Жасырын емес, бүгінгі кезеңде, журналистер арасында «сөз бостандығы» немесе «сенсация» деген ұғыммен өздерінің немесе басқа тұлғаның жеке мүддесі үшін шындыққа жанаспайтын ақпарат таратып, қоғамның пікірін теріс бағытқа аударуға тырысады. Журналистік құқықтарын теріс пайдаланып, белгілі тұлғаларды қорқыту арқылы бопсалау, қаражат талап ету деректері үшін қылмыстық жазаға тартылуда. Ал, Сарыағаш ауданында журналистердің бірі шындыққа жанаспайтын мақала жария еткені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, кейін рақымшылық заңына сай босатылды.  Мұндай мысалдар көптеп кездеседі», - деді облыстық прокуратураның бөлім бастығы Жұмағали Ботабеков.

Айта кетейік, бүгінгі таңда облыс аумағында 255 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Оның ішінде 157 газет, 35 журнал, 13 телеарна, 4 радио, 16 интернет сайттар бар.

Соңғы жаңалықтар