ОҚО-да мақташылар мақта өсіруде тың тәсілдерді қолдана бастады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданында жергілікті әкімдік пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен «Мақтарал ауданының жағдайында мақта баптаудың инновациялық әдістерін қолдану» тақырыбында семинар - тренинг өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жиынға аудан әкімі Ғалым Исмаилов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков, Шардара, Ордабасы аудандары мен Түркістан қаласы әкімдерінің салалық орынбасарлары және ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары, сондай-ақ Алматы мен Жамбыл облыстарынан келген ғалымдар, жергілікті шаруалар қатысып, тың тәжірибелер мен жаңалықтардың куәсі болды.

null 

Ең алдымен семинар тренингке қатысушылар Достық ауылдық округіндегі К-19-7 каналының бойында «Қазақ су шаруашылығы» ғылыми зерттеу институты ойлап тапқан су өлшеуіш құралды практикалық сынақтан өткізді. Институт мамандары құрастырған су деңгейінің датчигі ультрадыбысты өлшегіш арқылы су деңгейінің өзгерісі туралы ақпараттарды қашықтан алуға мүмкіндік береді. Ақпарат жеке почтаңызға немесе СМС түрінде мобильді телефоныңызға келіп түседі. Компьютер мен смартфон дамыған бүгінгі таңда мақтаралдық диқандарға бұл құрылғымен жұмыс жасау қиындық тудырмайды. Жалпы, ДУВ 0,005-10 датчигін суармалы жүйелердің гидробекеттеріне енгізу - су деңгейі мен шығынын анықтау дәлдігін жоғарылатады және ақпаратты жылдам алуға көмектеседі.

null 

Мақтарал ауданының суармалы жерлеріне жер асты және қашыртқы кәріз суларын фосфогипс енгізу арқылы пайдалану технологиясын ғалымдар бірнеше айдан бері «Кетебай» кооперативінде сынақтан өткізіп келген. Сынақтан өтіп жатқан технологияның басты мақсаты - суармалы жерлердің құнарлығын сақтай отырып мол өнімге қол жеткізу. «Фосфогипсті бір рет енгізген жағдайда кемінде 3-4 жыл бойы жер құнарлығын жоғалтпайды», - дейді «Қазақ су шаруашылығы» ғылыми зерттеу институтының ғалымдары.

null 

Семинар тренинге қатысушылардың келесі аялдаған жері - Ж.Ералиев ауылдық округіндегі «Нұралы жол» шаруа қожалығы. Ербол Ералиевтің басшылығындағы қожалық 7 жыл бұрын ауданда ең бірінші болып «терең қопсыту» технологиясын қолданған болатын. Нәтижесінде қожалық мақтасының өнімділігі 40 центнерге дейін артты. Бұл технологияның бір пайдасы - мақта алқабы қысқы суару кезеңінде көбірек су қажет еткенімен, жазғы суару кезінде суды көп қажет етпейді және ол мақтаралдықтар үшін өте тиімді. Осылайша Мақтаралда мақта өндіруден алдына жан салмайтын шаруашылықтың тәжірибесін семинар-тренингке қатысушылар көріп, үйреніп қайтты.

null 

 

Соңғы жаңалықтар