ОҚО-да кәсіпкерлікке кедергі келтіру бойынша 49 заңбұзушылық анықталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында бір жыл көлемінде мемлекеттік қызметкерлердің шағын және орта бизнестің жұмысына заңсыз араласу мен кедергі келтіру бойынша 49 заңбұзушылық дерегі анықталған.

Бұл туралы бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен форумда сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бизнес өкілдерінің айтуынша, шенеуніктер көбінесе кәсіпкерлерден  артық құжаттар сұратып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді уақытынан кеш көрсетеді.  Сонымен қатар кәсіпкерлердің сотқа жүгінуіне кедергі келтіру жайттары да кездескен. Осындай заңбұзушылыққа жол бергендер қазір тиісті жазаларын алып та жатыр.

«Егер қатардағы қызметкерлер болса, бізге ұсыныс жолдау арқылы мемлекеттік қызметкерлердің тәртіптік комиссиясында қарауды ұсынамыз. Ал, егер бұл басқарушы буындағы азаматтар болатын болса, олардың жауаптылығы Әдеп кеңесінде қаралады»,- дейді ОҚО Кәсіпкерлік палатасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және кәсіпкерлердің құқын қорғау Кеңесінің мүшесі  Ғанижан Асанұлы.

Жиында сондай-ақ өткен жылы кәсіпкерлерге қысым жасап, пара алғандар туралы да айтылды. Мәселен, Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бұрынғы сектор меңгерушісі іскер азаматтан құжат жасап беру үшін 100 мың теңге көлемінде пара алған болатын. Ол сот үкімімен кінәлі деп танылып, 4,5 млн теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Ал, Төлеби ауданының орталығы Леңгір қаласының экс- әкімі кәсіпкерлік нысан салатын жер беруге 100 мың теңге көлемінде пара алғаны үшін қылмыстық жазаға тартылды.  Сол сияқты Арыс аудандық  кәсіпкерлер бөлімінің басшысы қызметтік кабинетінде 150 мың теңге көлемінде пара алғаны үшін сотталды.  Кентау қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары да кәсіпкерден  2 млн теңге көлемінде пара алғаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырылғаны белгілі. 

Соңғы жаңалықтар