ОҚО-да іскер қыз-келіншектер жас кәсіпкерлерге шеберлік дәрістерін өткізді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында іскер қыз-келіншектер жас кәсіпкерлерге шеберлік дәрістерін өткізді. Жастардың кәсіби сауаттылығын арттыруда пайдасы орасан шараны «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы қолдаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Жиында онлайн-бизнес, яғни, ғаламтор арқылы табыс табудың жолдары айтылды. Мамандар бір бағытпен шектелмей, әлемдік нарыққа ғаламтор арқылы шығу қажеттігін айтады. Басқосуда сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аймақтық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Архабаева сөз сөйлеп, жастарға үлкен жетістікке жетудің жолдарын түсіндірді. Оның сөзінше, адамның өзіне талап пен мақсат қоюы - табысты кәсіптің алғашқы баспалдағы болып табылады. 

«Бәрі бизнес ашу кезінде бар мәселені ақшаға әкеліп тірейді. Жоқ, олай емес. Ақшаны табуға болады. Бірінші ол ақшаны қалай және қайда қолдану керектігі жағын дұрыс білу керек. Жастар жағы осы тұрғыда қателесіп жатады. Біздің мақсат - оларға бағыт-бағдар көрсету, тек қалада ғана емес, ауыл-аудандарда кәсіпке икемі мен қызығушылығы бар әйел, қыз-келіншектерді бизнеске тарту. Әсіресе жастарға бизнес бастау үшін сенімділік жетіспейді. Адамда сол сенімділік болуы керек. Егер өз қалауыңның орындалуына күш салмасаң, біреудің қиялын іске асыруға жұмыс істейсің»,- дейді Алма Архабаева.

Айта кетейік, еліміздегі кәсіпкерлік саласының дамуы - қыз-келіншектердің бизнеске араласу белсенділігін күшейткен.

Ресми деректерге сүйенсек, оңтүстік өңірде ұйымдастырылған бизнес-кеңестерге биыл 3567 адам қатысқан. Оның 957-сі, яғни 27%-і нәзік жандылар екен. Бұл топ үйдегі шаруасының көптігіне қарамастан, түрлі жобалар дайындап, оларды сапалы іске асыруға да шебер көрінеді. 2017 жылы облыс бойынша ұсынылған 485 бизнес-жоспардың 25%-і осы қауымға тиесілі.

Соңғы жаңалықтар