ОҚО-да «Халық заңгері» әлеуметтік акциясы өтті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында «Халық заңгері» әлеуметтік акциясы өтті. Шымкенттегі Орталық саябаққа жиналған сала мамандары тұрғындардың түйіткілді мәселелерін шешу үшін тегін кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Халықтың құқықтық сауаттылығы мен мәдениетін көтеру мақсатында ұйымдастырылған шара облыс әкімдігінің бастамасымен өткізілді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, оңтүстік өңірінің халқы арыз-шағым беруден республика бойынша екінші орында тұр екен. Яғни, орта есеппен алғанда құзырлы органдарға  күніне 200-ге жуық арыз келіп түседі. Соңғы бес жыл көлемінде мұндай хаттардың үлесі 15%-ға артқан.

Тапсырылған шағымдарға сараптама жасаған мамандар тұрғындардың құқықтық сауаттылығы төмен екенін айтады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін аталған акцияға бірнеше басқарма мен прокуратура қызметкерлері, жеке заңгерлер қатысып, құқықтық кеңес берді.

Ал, жұрттың сұраған мәселелерінің басым көпшілігі зейнетақы, алимент, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы мен мүлікке байланысты болып келді. Акция барысында сала мамандары азаматтарға шағымдану тәртібін, өз құқығын білуді үйретті. Игі шара алдағы уақытта тоқсан сайын ұйымдастырылмақ.

Соңғы жаңалықтар