ОҚО-да газ бағасын көтермек болған мекеме басшылығы сынның астында қалды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында «ҚазТрансГаз Аймақ» басшылығы көгілдір отынның бағасын көтереміз деп отыр. Тарифтің өсетіні туралы жаңалық Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшылығы мен қоғамдық кеңес мүшелері, билік өкілдері және тұтынушылар шақырылған жиында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі. 

«Казтрансгаз Аймақ» АҚ өңірдегі филиалының директоры Ержан Жексембиновтің сөзінше, тариф 1-ші тамыздан бастап өседі. Тұтынушылар үшін шамамен 19, бюджеттік мекемелер үшін 45%-ға қымбаттайды. Ұлттық оператордың мәлімдеуінше, бұған негіз болған себептердің бірі - доллардың қымбаттауы.

Алайда мұндай жаңалық жиынға қатысқандар мен депутаттарға ұнай қоймады. Тарифті көтеру үшін келтірілген себептерді халық қалаулысы Өмірзақ Мелдеханов орынсыз деп тапты. Ал, бағаны көтеруге негіз болатын құжаттарды «Казтрансгаз Аймақ» басшылығы көрсете алмауы ақылға қонымсыз, деп атады.

«Халықты қанауды қойыңдар. Долларды бұнда да қыстырып қойыпсыңдар. Сылтау бəрі. Қалғаны керегі жоқ бізге, айналайын, қаншаға көтерілді, соны айт»,- деп ашуға мінді «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық бөлімшесінің төрағасы Өмірзақ Мелдеханов.

Көгілдір отын бағасын көтеруді жариялау үшін жиын өткізген коммуналшылар осылайша сынның астында қалды.

«Халықты сорлататын болдық. Қолдарыңда нақты сандары бар бірде бір құжат жоқ. Халықтан не жасырып отырсыңдар? Құпия жасаудың қажеті қанша? Бос сөзді қойып, нақты сметаны көрсетіңдер»,- деді «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық бөлімшесінің төрағасы Өмірзақ Мелдеханов.

Соңғы жаңалықтар