ОҚО-да фестиваль жүлдегері атанған фильмдер он күн бойы көрсетіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Шымкенттегі облыстық опера және балет театрында «Алтын сақа» балаларға арналған қысқаметражды фильмдер фестивалі ұйымдастырылып, өткізілді.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Оңтүстік Қазақстан облысында алғаш рет өткен фестивальдің мақсаты - киноиндустрия саласын дамыту,  жас буын режиссерларға шығармашылық серпін беру, олардың кәсіби деңгейін көтеру,  әлеуметтік мәселелерді көтере отырып, көрермендерге ой тастау, балаларға арналған қысқаметражды фильмдер мен анимациялық туындыларды, бейнероликтерді жарыққа шығару.

«Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Өскелең ұрпақтың тәрбиесіне оң ықпалын тигізуі тиіс патриоттық тақырыптағы фильмдер өндірісі қажет, Қазақстандықтардың жас буынын адамгершілік рухта тәрбиелеуге бағытталған анимациялық фильмдер жасау маңызды» деп айтқан болатын.

Осыған байланысты, балаларға арналған қысқаметражды фильмдер  фестивалін ұйымдастыру арқылы балалар мен жасөспірімдердің жүрегінде отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру болып табылады», - деді ұйымдастырушылар.

Фестивалде республикалық «Балапан» телеарнасының директоры Ләйлә Сұлтанқызы және Қазақ Ұлттық өнер академиясының доценті, кинотанушы, киносыншы, Өнертану ғылымының кандидаты Гүлнәр Амангелдіқызы қазылық етті.

Фестивальдің ережесіне сәйкес 30 тапсырыс келіп түсті,  оның 23-і ережеге сай іріктеліп алынды.  Оның ішінде 13 қысқаметражды, 7-і анимациялық фильмдер, үшеуі әлеуметтік роликтер болып отыр.

Қазылар алқасының шешімімен қысқаметражды фильмдер бойынша бас жүлдені «Қуат» (реж:Нұрбол Абсеметов) алса, І   орынды «Айсұлу» фильмі  (реж: Нұртазаев Дархан), ал жүлделі ІІ орын «Қаhарман» фильмі (реж: Мүтәлиев Хамид), III орын- «Мен қорқамын» қысқаметражды фильмі (реж:Бақытжан Көшеров) иемденді. Сондай-ақ, анимациялық фильмдер бойынша І орын - «Түлкі мен қырғауыл» фильмі (реж: Еркінбек Дариха, Өмірқұлова Жұлдыз),  ІІ орын «Асар» фильмі  (реж: Жүнісов Береке), ІІІ орынды  «Наурыз» фильмі (реж: Бурибеков Оңласын) алды.                                                 

Талантты жастарымыздың еңбегін бағалаған мамандар «Өзекті тақырыпты қозғағаны үшін» номинациясымен - «Табиғатты аялайық» анимациялық фильмі алса, «Ерекше монтаж жұмысы үшін» номинациясымен - «Жылдамдық» әлеуметтік ролигі. Ал «Ерекше операторлық жұмысы үшін» номинациясымен «Жемқорлық» әлеуметтік ролигі марапатталды.

Фестивальге қатысқан фильмдер «Оңтүстікфильм» мекемесінде, балалар үйлерінде, интернаттарда 23 қыркүйектен 3 қазанға дейін көрсетіледі.

Байқауда жеңімпаз атанған фильмдер 5 қазаннан бастап жергілікті және республикалық «Балапан» телеарнасынан көрсетілімдері ұйымдастырылады.   

Соңғы жаңалықтар