ОҚО-да дәрігерлер шала туған үшемді аман алып қалды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында шала туған үшемнің өмірін дәрігерлер аман алып қалды, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, нәрестелер 16 қаңтар күні  №2 облыстық перинаталдық орталығында дүниеге келді. Оларды аналары 21 жастағы Гузал Нурмиминова ота арқылы босанған. Дәрігерлер туғанда салмағы небәрі 1,5 келі (1495 грамм, бойы - 38 см, 1590 грамм, бойы -  40 см, 1640 грамм - бойы 41 см) болған екі қыз бен бір ұлды 40 күн бойы күтіп, жетілдірген. Себебі, жеті айлық болып өмірге келген шақалақтардың өкпесі дұрыс дамымай,  бәрі жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

Кейіннен бес күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан үшемнің беті бері қарап, алдағы бір айды арнайы күтім жасайтын бөлімшеде өткізді. Орталық  дәрігерлерінің қатаң бақылауында болған нәрестелердің әрқайсысы осы уақыт ішінде бір келіден салмақ қосқан. Ақ халаттылардың біліктілігі мен күтімінің, тынымсыз еңбегінің арқасында шала туған шақалақтар аман қалып, аналары оларды бауырына баса алды.
null 

Мамандардың сөзінше, қазір олардың өміріне төнетін еш қауіп жоқ. Бүгін үшемдер мен аналары перзентханадан шықты. Ұрпағы көбейіп, өрісі кеңейген отбасының жас ана мен шала туған шақалақтардың өмірін арашалап қалған дәрігерлерге айтар алғысы шексіз.

Айта кетейік, бұл биылғы жылы оңтүстікте туған алғаш үшемдер. Жалпы соңғы 10 жылдың ішінде облыста жыл сайын 7-13 үшем дүние есігін ашады. Бір жылда дүниеге келетін егіздердің саны 800-ге жуықтап отыр.

Соңғы жаңалықтар