ОҚО-да бойжеткен мен ер адамды пойыз қағып кетті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  - Оңтүстік Қазақстан облысында 18 жастағы   бойжеткен мен ер адамды пойыз қағып кетті, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

Қайғылы оқиға «Манкент-Састөбе» теміржол стансасының  3319-шақырымында болды. 

Оқиғаға куә болғандардың айтуынша, қаза тапқан жергілікті тұрғын теміржолдан өтіп бара жатқан екі студент қызды құтқармақ болған. Салдарынан жүк пойызын сүйреп келе жатқан электровоз қыздардың бірі мен ер адамды қағып кеткен.

Ішкі істер желілік бөлімінің қызметкерлері оқиға орнына жеткен кезде бойжеткен жан тәсілім еткен. Ал ер адам тыныс алып жатқан. Ол дереу аудандық ауруханаға жеткізілді.  Бірақ дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады.

«31 жастағы науқас ауыр жағдайда аурухананың жансақтау бөліміне түсті.  Жағдайын тексере келе, «бауырының езілуі», «ішіне қан кетуі» және «басынан жарақат алуы» диагноздары қойылды. Оған тез арада тиісті емдік шаралар жасағанымызбен, ол екінші күні қайтыс болды», - деді аурухана дәрігері  Бахадыр Павланов.

Ал екінші бойжеткен дін аман қалды. Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға орын алған кезде қос құрбының құлағында құлаққап болған. Сондықтан пойыздың келе жатқанын естімеген.

Соңғы жаңалықтар