ОҚО-да бокстан жасөспірімдер арасында республикалық турнир аяқталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында Екінші дүниежүзілік соғысы және еңбек ардагері, КСРО-ның еңбек озаты Төлеген Омаровты еске алуға арналған бокстан жасөспірімдер арасында республикалық турнир өз мәресіне жетті. Биыл сегізінші рет ұйымдастырылып отырған дәстүрлі жарысқа 2004-2005 және 2006-2007 жылы туған боксшылар қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бес күнге созылған жарысқа оңтүстік өңірінен 13 және Алматы қаласы мен көршілес Қызылорда облысынан екі команда қатысты. Сайыста бас-аяғы 180 спортшы өзара бақ сынасты. Былғары қолғап шеберлері бәсекесінде отырарлықтар жалпыкомандалық есепте оқ бойы озық шықты.

Ептілігі және мықтылығымен көзге түскен 30 кг дәрежесінде Төлеген Азамат, 36 кг дәрежесінде Базарбай Асхат, 48 кг дәрежесінде Есіркеп Ерасылдар жеңімпаз атанды. Облыстың тағы 6 боксшысы жүлдегерлер қатарынан табылды. Жарысты қорытындылау кезінде сөз алған аудан әкімі Ерлан Айтаханов жарысқа қатысушыларды шын жүректен құттықтап, бұқаралық спортты дамыту мәселесі -ұлт саулығының кепілі екендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ жеңімпаздар мен жүлдегерлерді естелік медальдармен және арнайы Алғыс хаттармен марапаттады. Өз салмақ дәрежелері бойынша үздік деп танылған бірнеше боксшыға арнайы кубоктарды табыстады.

Соңғы жаңалықтар