ОҚО-да биыл жалпы құны 70 млрд теңгені құрайтын 20 жоба іске асады

None
None
 ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Биыл «Шымкент» әлеуметтік - кәсіпкерлік корпорациясы еншілес ұйымдармен бірлесіп жалпы құны 70,82 млрд теңгені құрайтын 20  жобаны жүзеге асырмақ. 

 Бүгін бұл туралы  Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Шымкент» ӘКК ҰК» басқарма төрағасы Айтмұхаммед Алдажаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма төрағасының айтуынша, осы жобалар арқылы 2600-ге жуық адам жұмыспен қамтылатын болады. Барлығы  «Оңтүстік» индустриалды аймақ және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында іске асырылмақ.

 «Биылғы жылы қолға алынатын 20 жобаның 12-сін «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жүзеге асырады. Ал, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы жалпы құны 3,5 млрд  теңгелік 5 жобаны іске асыруды жоспарлауда.  Бұдан бөлек, «Оңтүстік» индустриалды аймақ  40 млрд  теңгені құрайтын 5 жобаны іске қосу мақсатын көздеп отыр», - деді Айтмұхаммед Тұрарбекұлы.

Өткен  жылы «Шымкент» ӘКК трансформациялау кезеңінен өткен.  Нәтижесінде жаңа жұмыс әдісі әзірленіп, инвестициялық жобаларды тиімді басқаруға және іске асыруға бағытталған басқару жүйесі енгізілген. Осының арқасында бірқатар ауқымды жобаларды іске асыру ісі жеңілдей түсті.  Мәселен, Қарабұлақ ауылында сүт өндіру және қайта өңдеу кластері құрылды. Сондай-ақ, «Астана» тұрғын үй кешенін салу  бойынша отандық инвесторлар 1 млрд 507 млн  теңге қаржы құйған болатын. Бүгінде 4 блок тұрғын үй кешенінің  2-еуі ел игілігіне тапсырылған.

Айта кетейік, бүгінде облыста инвестициялық  жобалардың саны мен сапасын арттыру мақсатында «Шымкент» ӘКК-ның «Ontustik Invest» инвесторларға қызмет көрсету бөлімі қалтқысыз жұмыс істеуде.  Ондағы мамандар бизнес-жобамен келетін инвесторларға  тиісті деңгейде көмек қолын созып келеді. Сондай-ақ, аталған мекеме құрылыс, агроөнеркәсіптік кешен, жер қойнауын пайдалану, энергетика, мемлекеттік - жекешелік әріптестік және «Smart Ontustik» ақпараттық технологияларын енгізуге атсалысып отыр. 

null 

Соңғы жаңалықтар