ОҚО-да биыл медицина саласы 100 пайыз ақпараттық жүйеге көшеді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында қазіргі уақытта медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйемен қамтамасыз етілуі 63 пайызды құрайды. Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін бұл көрсеткіш 100 пайызға жететін болады. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» ОҚОФ директоры Ақжарқын Таубаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажеттігіне баса назар аударған болатын. Осыған орай облыста денсаулық сақтау саласында жаңа технологиялардың заманауи нарығын ұсыну аясында «Даму» кешенді медициналық ақпараттық жүйесі енгізілуде. Брифингке қатысқан орталық директоры Ақжарқын Таубаева саладағы цифрландыру - ең алдымен азаматтардың өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру әрі дәрігерлерге тұрғындардың денсаулығын бақылап отырып, түрлі сырқаттың алдын алуға септігін тигізетіндігін жеткізді. 

«Цифрландыру бағдарламасы 2018-2022 жылдар кезеңінде іске асырылады және еңбек өнімділігінің ауқымды және ұзақ мерзімді өсуіне жағдай жасайды. Бағдарлама азаматтардың дәрігерге жазылуы мен дәрігерді үйге шақырудан бастап бүкіл профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтерді толық қамтиды», - деді Ақжарқын Әбдібекқызы.

Ағымдағы жылдың І-тоқсанының соңына қарай уақытша еңбекке жарамсыздық қағазын, сондай-ақ туберкулезге қарсы, психоневрологиялық, наркологиялық ұйымдарға қатысты анықтамаларды Электронды үкімет порталы арқылы беру жоспарлануда.

«Науқастар үшін өздерінің жеке парақшалары арқылы қабылдауға жазылу, дәрігерді үйге шақыру, SOS батырмасы ғаламтор арқылы қол жетімді болып отыр. Өңірде медициналық ұйымдардың 78 пайызы компьютерлік техникамен жабдықталған. Ағымдағы жылы денсаулық сақтау ұйымдарын компьютерлік техникамен толықтай 100 пайыз қамтамасыз ету үшін 7500-ден астам компьютерлік техниканы сатып алу үшін бюджеттен қаржы бөлінді», - деді Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Ермек Тәжімұрат.

Соңғы жаңалықтар