ОҚО-да биыл 296 мың адам әлеуметтік көмекпен қамтылады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында биыл атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы негізінде 296 мың адам әлеуметтік көмекпен қамтылатын болады.  

Ал, «Халықты жұмыспен қамту 2018-2019 жылдарға арналған» кешенді жоспары аясында 90 мың адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың айтынша,  былтырғы жылы 37,7 мың адам нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасына тартылған. Жоғарыда айтылған кешенді жоспардың 50 пайызы еңбекке жарамды азаматтарға тұрақты кәсіп беруге бағытталатын болады. Соның негізінде 44 мың адамды жұмысқа тарту жоспарланып отыр. 

«Біздің мақсатымыз - жұмыссыз жүрген азаматтарды арнайы бағдарламамен шағын кәсіпкерлікке тарту, оқыту. Бүгінде облыста 15 кіші бизнес жобаларды әзірлеп отырмыз. Яғни 44 мың адамды шағын кәсіпкерлікке тарту кезінде дайын модульді кіші бизнес жобаларды бірге ұсынып, одан кейін шағын кәсіпкерлікке бейімдеумен айналысамыз. Бұл жұмыссыздықты азайтуда маңызды шара болғалы тұр», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Өңір басшысы «Өрлеу» республикалық пилоттық жобасының облысымызда табысты жүзеге асып жатқандығына да тоқталды. Өткен жылы «Өрлеу» жобасы аясында оңтүстікқазақстандық 17 мың отбасы 36 мың ірі қара мен уақ мал алса, 757 отбасыға 36 мың құс үлестірілген. Сондай-ақ, 3 мыңға жуық отбасыға кәсіпкерлікпен айналысуы үшін қажетті құрал-жабдықтар берілген. Нәтижесінде олардың табысы 4,3 есеге артып, 1226 адам жеке кәсіпкер ретінде салық органдарына тіркеліп, тұрмыстары түзелген.       

Облыс басшысы биыл негізгі басымдық халықты тұрақты жұмыспен қамту мәселесіне бөлініп отырғандығын жеткізді. Бұл ретте мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберінде 866 жоба бойынша 46 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарда бар. Былтырғы жылы өңірімізде 16 мың 743 адам кәсіби және қысқа мерзімдік оқуға жолданса, осы азаматтардың 67 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан.    

Соңғы жаңалықтар