ОҚО-да балалары есейіп кеткен отбасы бірден 5 жетімді асырап алмақшы

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында балалары есейіп кеткен ерлі-зайыпты тағы 5 бала асырап алмақшы. Арыс ауданында тұратын Диқанбаевтар әулетінің отағасы қазір балалардың құжаттарын рәсімдеп жатыр. Олар осылайша еліміздегі жетімдер санының азаюына ықпал жасамақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Мұхтарбек пен Қарлығаш Диқанбаевтардың үш қыз, бір ұлы бар. Қыздарын құтты орындарына қондырып, ұлы ер жеткеннен кейін олар 5 бірдей баланы бауырына басуға ниеттенген. Сөйтіп болашақ перзенттерін Арыс ауданындағы балалар үйінен тапқан. Өйткені Қарлығаш Диқанбаева 15 жылдан бері осы балалар үйінде тәрбиеші болып жұмыс істейді. Сондықтан балалармен тіл табысуда қиындық болмайды деп сенеді. Бір қызығы, балалардың үшеуі ағайынды, орыс ұлтынан. Діні мен тілі бөлек болғанына қарамастан асырап алушы отбасы бұл балаларға өз тегін бермекші.

«Балаларымның тегі Мұратбекұлы болады. Мысалы, Мұратбекұлы Василий дегендей. Екі үлкені қыз болса, қалғандары ұл балалар. Олармен танысып, біраз уақыттан беру үйімізге әкеліп жүрміз. Әйеліміз екеуміз де үйренісіп қалдық. Ендігі кезекте оларды бағып-қағып, үмітін ақтаймын деп сенемін»,-дейді отағасы Мұхтарбек Диқанбаев.

Қазір ерлі-зайыптылар құжаттарды рәсімдеп жүр. Өйткені балғындар да болашақ өз үйлеріне көшіп келуге асығуда. Себебі, жаңа туыстарын тапқан Габриель, Владимир, Василийдің және Диана мен Айсұлу өз отбасы болғанын армандайды.

«Маған анашым, қашан құжатымыз дайын болады деп асығып жүр балаларым. Біз де сендермен бірге болуға асығып жүрміз деп айттым. Оның үстіне жаңа жиһаздарға тапсырыс беріп қойдым. Балалардың жағдайын жасасам деймін. Отбасы деген не, оның құндылықтары деген ұғымдарды балаларымның бойына сіңірсем деймін. Ертең өскенде ата-анам бар деп келіп тұрады», - дейді Қарлығаш Диқанбаева.

Осылайша  Арыс ауданындағы балар үйінің тәрбиеленушілер саны 5 балаға кемімек. Десе де мұнда әлі  73 бала бар.  Айта кетерлігі,  бұл мекеменің басқа балалар үйіне қарағанда өзгешеліктері де бар. Олардың әрқайсысы өз отбасы деп бөліп қойған отбасылық икемділікте тәрбиеленеді. Яғни әр он бала бір шаңырақ болып, тәрбиешісімен бірге өмір сүреді. Мұндағы мамандар болса  балаларды асырап алуға ниет білгендер саны бүгінде көбейіп келеді деп отыр.  Ондай жандарға  мемлекет тарапынан қаржылық қолдау да көрсетіледі екен.

Соңғы жаңалықтар