ОҚО-да әйелін бауыздап өлтірген тұрғын 15 жылға сотталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  - Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында кәмелет жасына толмаған екі ұлының көзінше әйелін бауыздап өлтірген тұрғынға қатысты сот үкімі  шықты. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырыған ауданаралық соты Түркістан қаласының 35 жастағы тұрғынын 15 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

Осы істі қараған судья Дәурен Мадалиевтің айтуынша, ауыр қылмыс өткен жылдың 31-ші желтоқсан күні Түркістан қаласында болған. Айыпталушы мен оның әйелі алты жылдай отандасқан, заңды некеде тұрған. Осы уақыт аралығында олар екі балалы болады. Қазір балаларының үлкені 10, кішісі 6 жаста.

«Ерлі-зайыптылар бірге тұрған жылдары көп ұрысып, күйеуі әйелін ұрып-соғыпты. Мұндай азапқа төзбеген әйелі 2016 жылы ажырасқан. Балаларын өзімен бірге алып кетеді. Ал, қылмыс болған күні жәбірленуші келіншек екі баласымен мешіттің жанында кетіп бара жатады. Олардың жанына күйеуі келіп, әйелін үйіне қайтармақшы болған. Бірақ оған келіншегі қарсылық білдіріп, бармайтынын айтқан. Екеуі тағы да ұрысып қалады. Ашуға булыққан күйеуі жұбайының басын таспен ұрады, әйел қолындағы алты жасар ұлымен бірге жерге құлап түскен. Осы кезде үлкен ұлы сол маңдағы дүкенге барып, көмек шақыруға бармақ болады. Жолда бара жатқанда анасының дауысы шықпай қалыпты. Артына қараса әкесі анасын бауыздап тастағанын көрген»,- дейді судья. 

Өкініштісі сол, аналары көздерінше өлген екі жеткіншек осы жағдайдан кейін психологялық тұрғыда ауыр жарақат алған. Екеуі де қазір психикалық зақым келуіне байланысты есепке тұрғызылған. Тиісті ем қабылдауда.

Ал, 30-дан енді ғана асқан әйелін де, перзенттерін де аямаған тұрғынға сот ауыр жаза тағайындады. Ол сот отырысы кезінде қылмысын толық мойындайтынын, жасаған ісіне өкінетінін айтқанымен жазасы жеңілдемеді. Бар болғаны келіншегін сөз қайтарғаны үшін бауыздаған айыпталушыны сот Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағымен кінәлі деп тауып,  15 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын Қылмыстық атқару жүйесінің барынша жоғары қауіпсіздік мекемесінде өтеуді белгіледі. 

Соңғы жаңалықтар