ОҚО-да анасы өлімші етіп сабаған 7 жасар Асылға көмек қажет

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында анасы өлімші етіп сабаған 7 жасар Асылға көмек қажет. Себебі, қатты соққының салдарынан баланың сол аяғы мен қолының қимылы қиындаған. Дер кезінде оңалту шараларын жасамаса, мүгедек болып қалуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Өз анасынан жазықсыз таяқ жеген Асыл әлі күнге облыстық балалар ауруханасында ем қабылдауда. Дәрігерлер оны шығаруға болатынын айтады. Бірақ өздігінен жүріп тұруы үшін оңалту шаралары қажет. Яғни ЭЛФК, массаж, невропатологтың бақылауы мен консервативті ем қажет екен.

«Қазір Асыл қажетті емдік шараларын қабылдауда. Біз қолдан келгенін жасап жатырмыз. Десе де өздігінен жүріп тұруы үшін, қолының қимылын жақсарту үшін оңалту орталықтарына алып барса жақсы болар еді. Алайда біз баланы ондай орталықтарға өздігімізден жібере алмаймыз. Бұл мәселені Ордабасы аудандық білім бөлімінің мамандары шешуі керек», - дейді облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Болат Нұсқабаев.

Ал, Ордабасы аудандық білім бөлімінің мамандары болса Асылдың жағдайынан хабар алып тұрғанын айтты. Бөлімнің әдіскері Бақберген Сәрсенбековтың сөзінше баланы ауруханадан шығаруға әлі ерте екен. Дәрігерлер оның қажетті емдерін толық қабылдап бітпеген деген хабар беріпті.

«Біз Асылдың денсаулығы туралы тұрақты түрде хабар алып тұрмыз. Егер оны шығаруға болады десе бейімдеу орталығына орналастыруға құжаттар дайындаймыз. Ал, әзірге кеибір азаматтар оған қолдан келгенше демеушілік жасап, емдеріне қолғабыс етіп отыр», - дейді Бақберген Сәрсенбеков.

Соңғы жаңалықтар