ОҚО-да 4 мыңға жуық контрафактілік өнім тәркіленді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында полиция ақпараттық технология саласында 20 қылмысты ашып, авторлық және зияткерлік құқыққа қатысты 60 фактіні анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД полицейлері ҚР ІІМ бекіткен авторлық және зияткерлік құқықты бұзушылыққа қарсы іс-қимыл және ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалған қылмысты ашу үшін тұрақты түрде жедел және алдын алу іс-шаралары жүргізіліп тұрады. Соның ішінде аталмыш қылмыстар санын азайту шаралары да бар.

2017 жылдың 12 айында облыстық ІІД-нің криминалдық полиция қызметкерлері ақпараттық технология саласында 20 қылмысты ашып, авторлық және зияткерлік құқыққа қатысты 60 бұзушылықты анықтады. Заңсыз айналымнан 4 мыңға жуық контрафактілік аудиовизуальдық өнім тәркіленді.

Мысалы, өткен жылдың қараша айында «Контрафакт»  ЖАІ кезінде полиция 30 жастағы Леңгір қаласының тұрғынын ұстады. Ол флеш картаға және дискіге эстрада орындаушыларының музыкалық шығармаларын жазып, оны сатып келген. Осы факт Төле би аудандық ІІБ-нің БСТТ-іне ҚР ҚК-нің 198-бабымен «Авторлық және (немесе) сабақтас құқықты бұзу» бойынша тіркелді.

Қазіргі уақытта осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. 

Соңғы жаңалықтар