ОҚО-да 172 мыңнан астам азамат жер кезегінде тұр

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында 172 мыңнан астам азамат жер телімінің кезегінде тұр.

Бас жоспарға сәйкес, тұрғын үй құрылысына арналған учаскелермен қамтамасыз ету үшін 21 700 гектар жер қарастырылған. Бұл туралы облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Созақбай Әбдіқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Бүгінде облыс аумағында 11 млн. 728 мың гектар жер бар болса, оның 441 мың гектары кезінде ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен.  Енді жергілікті атқарушы органдар жер беруде заң аясында жұмыс атқаратындарын айтуда.

«505 мың гектар жер осы 5 жылдың көлемінде қосылады деген жоба жасап отырмыз. Өткен жылы мораторийдің жариялануына байланысты ауылшаруашылық жерлер конкурсқа шығарылып, шаруаларға берілген жоқ. Соған байланысты қазір көптеген шаруаларымыз өтініш жасап отыр. Биылғы жылы 106 мың гектар жерді конкурспен шаруаларға беру бойынша аудан, қалалармен жоба жасалынуда», - деді облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Созақбай Әбдіқұлов. 

Басқарма басшысының сөзінше, қазір осы жайылымдық жерлерді түгендеу жұмыстары жүріп жатыр. Содан соң, тапсырмаға сәйкес шалғай аймақтардан жайылымдық жер бөліп беру көзделуде. Ал, ауылшаруашылық мақсаттағы жерлерлердің көпшілігі игерусіз жатыр.  Нәтижесінде 2500 жер пайдаланушыға заңға сәйкес шара қолданылды. Сала мамандары осындай 55 мың гектар жерді арнайы жер қорына қайтарып алыпты.

Созақбай Әбдіқұловтың айтуынша өңірде ауылшаруашылық мақсаттағы жерлердің басым бөлігі эрозияға ұшыраған. Топырақтың құнарлығын сақтау үшін агротехникалық шаралар жүргізілу үстінде. Ол үшін электронды топырақ картасы әзірленуде. Оған егістік алқаптарындағы топырақ құнарлығының деңгейі, эрозияға ұшыраған жерлердің көлемі және эрозия түрлері туралы қажетті мәліметтер енгізіледі. Сол арқылы жердің азуын тоқтату және топырақтың құнарлығын сақтау мақсатында тиісті агротехникалық шараларды жүргізу ұсынылады.

«Қазіргі таңда, ауыл шаруашылығы жерлерінің электрондық базасын дайындау жұмыстары Түркістан, Кентау қалалары мен Түлкібас, Отырар аудандарында атқарылып, Түлкібаста толықтай аяқталды. Одан бөлек, осы жылы мұндай жұмыстар Бәйдібек ауданы мен Арыс қаласындағы ауылшаруашылық мақсаттағы жерлерде басталады деп күтілуде. Жалпы, облыстағы барлық аудан, қалаларда осындай карталарды әзірлеу жұмыстарын 2020 жылға дейін аяқтаймыз деген жоспар бар», - деді С.Әбдіқұлов.

Соңғы жаңалықтар