ОҚО-да 15 жастағы жасөспірім полицейдің көлігін соғып кетті
Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, жол көлік оқиғасы 10 мамыр күні Сарыағаш ауданында болған. Әлеуметтік желіге тараған видеода жол патрульдік полициясының көлігі жүк машинасымен соқтығысып қалғаны түсірілген еді. Оны көргендер тәртіп сақшылары жол көлік оқиғасын жасаған деп ойлаған болатын. Алайда өңірдің ІІД баспасөз қызметі жол көлік оқиғасына жасөспірім кінәлі екенін жеткізді.
"15 жастағы жасөспірім рұқсатсыз ата-анасының Hyundai Starex көлігін мініп, жолға шығып кеткен. Бірақ рульге ие бола алмай, жүк көлігі мен жол патрульдік полициясының машинасын соққан. Қазіргі таңда бұл жағдай әкімшілік құқық бұзушылық тәртібімен қаралуда. Өйткені ешкім жарақат алмаған. Материалдық шығын өндіріледі», - деді облыстық ІІД баспасөз қызметінің өкілдері.