ОҚО әкімінің азаматтарды қабылдауына құзырлы орган басшылары да қатысты

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады. Бұған облыстық сот, прокуратура, облыстық және қалалық жергілікті полиция қызметінің, ішкі істер және әділет департаментінің басшылары да қатысты, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, өңір басшысы есеп беру жиынында бірқатар азаматтардың арыз-шағымдарын тыңдау мақсатында жеке қабылдау өткізетінін айтқан болатын. Осыған байланысты ұйымдастырылған қабылдауға  34 азамат келіп, өздерін мазалаған сауалдарын жеткізді. Қабылдауға бірінші кірген шымкенттік Наталья Смирнова көршісінің жалпыға ортақ жер телімін заңсыз иемденіп алғанын, көршілерімен бір бітімге келе алмай соттасып жүргендеріне 4 жылға жуықтағанын айтты. Мәселенің мән-жайымен танысқан өңір басшысы ұзаққа созылған даудың заң аясында шешілуіне ықпал ету үшін тиісті сала басшыларына тапсырма берді.

«Көршілер арасындағы даудың басталғанына біраз уақыт өтіпті. Бірнеше рет сотқа да жүгініпсіздер. Демек, бұл мәселені шешу үшін тереңірек зерделеу керек. Сондықтан да мен құқық қорғау және әкімдік қызметкерлерін арнайы шақыртып отырмын. Енді сіз айтып отырған мәселені мамандар заң аясында шешуді мұқият қарайды. Бұл мәселе жеке қадағалауымда болады», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
null 

Мәселесі дәл бүгін шешілмесе де оған құзырлы орган басшылары араласып, анық-қанығын тексеретінін естіген қала тұрғыны  облыс әкіміне алғысын білдірді.

«Бүгін бізді жеке қабылдап, мәселенің оңтайлы шешуге тапсырма бергеніңіз үшін сізге алғысым шексіз», - деді Наталья Смирнова.

Ал, Ақтас елді мекенінің тұрғыны ауылында ауыз су, жарық, газдың жоқтығын айтып, шағымданды. Оның айтуынша, елді мекендегі электр энергиясының сапасыздығынан үйдегі тұрмыстық техникалар күйіп кетуде екен. Сондай-ақ, ол ауыл мектебі мен медициналық бекет интернетпен қамтылмағанын жеткізді. «Қайнарбұлақ» саяжайының тұрғыны болса,  баласының өліміне қылмыстық әрекеттің сеп болғанын айтып, жергілікті тәртіп сақшыларының өз жұмысына салғырттығын сынға алды.
null 

Өңір басшысының қабылдауында болған өзге азаматтар жер дауы, мал ұрлығы, қоғамдық көлік қатынасы жоқтығын айтып шағымданды. Ал бір тобы ауыл шаруашылығы саласында құрылған кооператив туралы арызданды. Олар кооператив төрағасын заңсыз әрекеттерде барды деп айтыптап отыр.

Мәселенің мән-жайына қаныққан облыс әкімі жауапты басқармалар мен құзырлы орган басшылығына қабылдауда болған азаматтардың көтерген өтініш-тілегіне барынша назар аударып, оңтайлы шешуді жүктеді.

Соңғы жаңалықтар