ОҚО әкімдігінде аудандардың даму концепциясы талқыланды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  -  Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев аудан, қала әкімдерінің 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы мен 2018 жылы атқарылатын  жұмыстарын тыңдады, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында алғашқы болып Бәйдібек пен Қазығұрт аудандырының әкімдері 2018-2025 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын облыс әкіміне таныстырды. Жеті жылдық даму жоспарында аймақтың тыныс-тіршілігіндегі барлық мәселелер мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы, туризм және кәсіпкерлік сынды бірқатар салалар қарастырылған. Қабылдау барысында Бәйдібек ауданының әкімі Бахытбек Танагөзов ауданның әлеуметтік-экономикалық даму концепциясы - ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласын дамыту және туризмді өркендетуге бағытталып отырғанын атап өтті.

«Аталған даму құжаты аясында 2025 жылдар ішінде ауданда жалпы құны 134 млрд. теңге шамасында болатын 26 жоба іске асып, жаңадан 700-ге жуық жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Ал аудан бойынша жасалған тұрғындардың тұтынуын талдау нәтижесінде өнеркәсіптің төмендегі салаларын дамыту қажеттілігі анықталды. Олар - ет-сүт өнімдері, өсімдік майы, макарондар, жармалар мен құрылыс заттары»,-деді аудан әкімі Бахытбек Танагөзов.

Ауыл шаруашылығының дамуына негізгі серпіліс беретін фактордың бірі жерлерді заманауи үнемдеу және жаңа технологияны қолдану арқылы суландыру. Осыны назарға алған облыс басшысы осы бағыттағы жұмыстарды мықтап қолға алып, игерілмеген жерлерді қолданысқа қосуды айтты.

«Бәйдібек ауданы ауыл шаруашылық саласын өркендетуге қолайлы аймақтардың бірі. Осындай ауданда жалпы жылыжай көлемі аз болғаны түсініксіз. Мен осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырамын. Сондай-ақ, ауданға сыртқы инвесторларды тарта отырып, кәсіпорындар мен шағын бизнес нысандарын ашу жұмыстарын қарқындату керек. Яғни, осы арқылы салық көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздық деңгейін төмендетесіздер», - деді Жансейіт Түймебаев.

Жиында мұнан соң Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Телғараев баяндама жасап, алдағы уақытта ауданда жүзеге асырылатын жобалармен таныстырды. Ауданның дамуына серпіліс беретін тұжырымдамада ауыл шаруашылығына, яғни, мал шаруашылығы мен егіншілікке басымдық берілген. Мал шаруашылығын дамыту арқылы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсартудың басты құралы екенін айтқан аудан әкімі 2025 жылға дейін ірі қараны 9 мың 400 басқа, ұсақ малды 36 мың басқа көбейту жоспарда бар екенін атап өтті. Аудан әкімінің даму концепциясын мұқият тыңдаған аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев «Қазығұрт - Кеме қалған» туристік аймақты басты назарда ұстауды және жылыжай көлемін арттыру жайы мен интенцивті бауды өркендетуді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар