О. Бөкейдің кітабын аударған С.Холлингсворт: Ағылшын оқырманына керегін бере білген секілдіміз

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Жазушы Оралхан Бөкейдің «Кісі киік» кітабын ағылшын тіліне аударған Саймон Холлингсворт туындыны тәржімалау барысы туралы айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Белгілі бір шығарманы аудармас бұрын оны дұрыстап ұғынып, егжей-тегжейлі түсініп алу керек. Яғни, автордың үнін сезінбесеңіз туындының негізгі мағынасынан ауытқып кетуіңіз мүмкін», - дейді ол.

Аудармашы Оралхан Бөкейдің кітабын алты айдың ішінде аударып бітіргенін айтады.

«Негізгі аудармашы - менмін, - дейді Саймон Холлингсворт. - Кітаптың редакторлық жұмысын екінші Саймон атқарды (Саймон Геген - авт.). Жұптаса жұмыс атқардық. Бұрыннан бері Саймон екеуіміз орыс тіліндегі кітаптарды ағылшын тіліне тәржімалап келеміз. Халықаралық Қазақ ПЕН клубымен танысқаннан кейін маған Герольд Бельгердің кітабын аудару туралы ұсыныс түсті. Ол кісі туындысын орыс тілінде жазғаннан кейін әлбетте күрделі болған жоқ. Келесі жобамыз - Әуезовтың әңгімелері еді. «Қараш-Қараш» пен «Көксеректен» бастап, Саймон екеуіміз Мұхтар Әуезовтің бірнеше туындысын ағылшын тіліне тәржімаладық. Содан кейін барып, Оралхан Бөкейге келіп отырмыз».

Аудармашылардың айтуынша, кез келген аударманың өзінің күрделілігі бар.

«Аударма екінің бірінің қолынан келуі мүмкін. Бірақ, әдебиет - қатып қалған қасаң құжаттар емес. Ол «тірілігімен» ерекшеленеді. Менің өзім аударманы кроссворд деп елестетемін. Яғни, туындыдан автордың үнін, шығармасының негізін іздеп тапқым келеді. Оралхан Бөкейдің айтқысы келгенін тап басып таптық деген сенімдеміз. Бір сөзбен, өзіміздің жұмысымыздың нәтижесіне көңіліміз толады. Бірақ, әлі де кейбір тұстарын былайша жасау керек пе еді деген ойдың кейде туындап қалып жататынын жасырмаймын», - дейді Саймон Холлингсворт.

null  

Оралхан Бөкейдің шығармалары алдымен А.Кимнің аударуымен орыс тілінде басылып шыққан болатын. Халықаралық Қазақ ПЕН клубымен аталған кітап бекітілгеннен кейін «Саймондар» тәржіманы бастап кеткен.

«Оралханның өте терең жазатынын аңғардық. Аталған кітапқа «Айқай» мен «Кісі киік» атты екі ұзақтау туынды, сосын олардан қысқалары да кездесті. Қысқа шығармалар күрделі болмағандықтан, оқығаннан кейін бірден түсінесіз. Ал «Кісі киікті» мен бірнеше рет оқыдым. Аударманы Саймонға көрсетіпедім, ол маған біршама ұрсып тастады. Ақыры, екеуіміз ол туындыға қайта кірісіп, ақыры өзіміздің көңіліміз толған деңгейде ғана аудармамызға нүкте қойдық. Меніңше, ағылшын оқырмандарының іздегенін бере білген секілдіміз», - дейді Саймон Холлингсворт.

Еске сала кетсек, бүгін елордада қазақтың біртуар қаламгері Оралхан Бөкейдің ағылшын тіліндегі «Кісі киік» кітабының тұсауы кесілді. Кітаптың тұсаукесеріне «Кісі киікті» ағылшын тіліне аударған Саймон Холлингсворт пен Саймон Геген Лондоннан арнайы ұшып келді.

Соңғы жаңалықтар