Нығматулин: жаңа ғаламдық қауіп-қатерлер ҰҚШҰ-ның айрықша назарын қажет етеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ҚР Парламенті Мәжілісінің ұйымдастыруымен «Орталық Азиядағы ынтымақтастық пен өңірлік қауіпсіздікті заңнамалық қамтамасыз етудегі парламенттердің рөлі» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел отырысы өтуде, деп хабарлайды ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі.

Оған палата Спикері Нұрлан Нығматулин қатысып, сөз сөйледі. Өз сөзінде Мәжіліс төрағасы маңызды жиынды бірлесе ұйымдастыруға қолғабыс еткен Ұжымдық Қауіпсіздік туралы Шарт ұйымына ризашылық білдіре келіп, биыл Ұжымдық Қауіпсіздік туралы Шартқа қол қойылғанына 25 жыл, ал Парламенттік Ассамблеяның құрылғанына 10 жыл толып отырғанын атап өтті.

Қазақстан Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіздік алған күннен бастап, қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселесіне ерекше назар аударып келе жатқанын, бүгінгі күні Қазақстанның Орталық Азиядағы ең тұрақты, ең қауіпсіз ел екенін алға тартқан Нығматулин: «Елбасының ірі бастамалары тек аймақтарда ғана емес, әлемдік деңгейде зор қолдауға ие болды. Соның нәтижесінде, біздің елдеріміз барлық салада жоғары стратегиялық әріптестік орнатты. Оның ішінде, аймақтық ынтымақтастық және қауіпсіздік бойынша да әрқашанда жемісті жұмыс атқарып келеді. Бірақ та, қазіргі уақытта бүкіл әлемде орын алып жатқан қауіп-қатерлер өте көп. Бұл біздің елдерімізден әріптестікті бұрынғыдан да күшейтіп, бірлесе әрекет етуді талап етеді»,-деді.

Спикердің айтуынша, осы жолда ҰҚШҰ Парламенттер Ассамблеясына кіретін елдер парламенттерінің рөлі өте зор және жүктеліп отырған жауапкершілік те өте жоғары.

Еске сала кетсек, ағымдағы жылдың бірінші қаңтарынан бастап, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде ресми түрде жұмысқа кірісті. Мәжіліс төрағасы атап өткендей, Қазақстан осы кезеңде Орталық Азия бойынша қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, аймақтық қауіп-қатерлер мен сынақтарға тиімді қарсы іс-қимыл, ынтымақтастықты нығайту және одан әрі тереңдету бағытында белсенді жұмыстарды қолға алмақ.

Осы ретте Нығматулин парламенттердің өзара әріптестігі ұлттық мүдделерді есепке ала отырып, халықаралық үдерістерді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге жол ашатынын атап өтті. Мәжіліс төрағасының айтуынша, Орталық-Азия өңірінде қауіпсіздікті қорғауда Ұжымдық Қауіпсіздік туралы Шарттың рөлі өте зор.

«Бұл жолда Қазақстан Парламенті депутаттарының ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы шеңберінде өз әріптестерімен тығыз қатынас орнату өте маңызды. Парламенттік дипломатия көптеген халықаралық мәселелер бойынша елдердің ұстанымдарын алға жылжытуға және тараптардың мүдделерін қозғайтын құжаттардың мазмұндық сипатына ықпал ете алады,-деді Нұрлан Нығматулин.

Айта кетейік, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Парламенті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың идеясымен құрылған, биыл 25 жыл толып отырған, қауіпсіздік мәселесіне етене араласатын Азиядағы Өзара Ықпалдастық және Сенім Шаралары жөніндегі Кеңес аясында көптеген халықаралық шарттарды және ҰҚШҰ шеңберінде 38 халықаралық шартты, сондай-ақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында 17 халықаралық шартты ратифициялаған.

Маңызды форумға ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясына мүше-мемлекеттер парламенттерінің өкілдері және Ауғанстан сондай-ақ, халықаралық сарапшылар қатысып, парламентаралық өзара іс-қимылды нығайтудың және қарым-қатынасты тереңдетудің өзекті сұрақтарын талқылауда.

Соңғы жаңалықтар