Нығматулин ИСЕСКО ұйымына мүше елдерді ЭКСПО көрмесіне белсене қатысуға шақырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, дамыту жолында Парламенттерге жүктеліп отырған жауапкершілік өте жоғары.

Бүгін елордада өтіп жатқан Инновация, технология және білім мәселелері жөніндегі Астана парламентаралық форумында ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин осылай деді.

«Баршаңызға белгілі 2017 жылы елордамыз Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтеді. Бүгінгі күні әлемнің көптеген елдері осы көрмеге қатысуға ниет білдіріп, өз ұсыныстарын жолдауда. Осы орайда «Болашақ энергиясы», жасыл экономика мәселелері келешек тұрақты өсудің негізі бағытына айналуда. Себебі бүкіл әлем даму бағытының жаңа және экологиялық таза  жолдарын таңдап отыр. Бұл барша адамзаттың алдында тұрған, шешуді қажет ететін маңызды мәселе. Сондықтан «ЭКСПО-2017» көрмесінде 100-ден астам мемлекет өздерінің ғылыми-техникалық, инновациялық жетістіктерін көрсетуге мүмкіндік алатын болады. Сондықтан ИСЕСКО ұйымына мүше  барлық елдерді осы ЭКСПО көрмесіне белсене қатысуға шақырамыз», - деді ол.

Мәжіліс спикері өз сөзінде бұл ұйымда да ғылым, білім және тұрақты даму бойынша көрсететін жетістіктері өте көп екендігін баса айтты.

«ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас ассамблеясының 70-ші сессиясында әлемнің экономикалық дамуы үшін Азия елдерінің ықпал зор екендігін ерекше атап өткен болатын. Себебі бүкіл әлем елдерінің сарапшылары 21 ғасырды Азия ғасыры деп атайды. Сондықтан Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, оны одан ары дамыту жолында біздің Парламенттерге жүктеліп отырған жауапкершілік өте жоғары. Сол үшін біз алдағы  уақытта да өзара тәжірибе алмасып, ұсыныс-пікірлерімізді ортаға салып, іскерлік байланысты нығайту қажет деп білеміз»,  - деді Н.Нығматулин.

Айта кетерлігі, екі күнге созылатын Астана парламентаралық форумы негізгі жеті тақырыптық сессия аясында өткізілуде. Алғашқы күні білім, технология және инновация саласындағы саясат талқылауға ұсынылуда. Күн тәртібінде сондай-ақ, жаһандану аясындағы білім мен ғылым салаларын дамыту үшін заңнамалық база қалыптастыру мәселелері, ұлттық бағдарламалар мен басымдықтарды іске асырудағы ұлттық институттармен қарым-қатынас жолдары мен ондағы парламентарий рөлі мәселелері бар.

null null null null 

Соңғы жаңалықтар