Нығматулин елеусіз құқық бұзушылық үшін жазадан босатуды қолдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында келтірілген кішігірім залал үшін жауапкершіліктен босату туралы норманы қайтару мәселесі көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Депутат Анар Жайылғанованың сөзіне қарағанда, 2015 жылға дейін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде келтірілген кішігірім залал үшін азамат жауапкершіліктен босатылатыны туралы норма қамтылған. Қолданыстағы кодексте және бүгін қарастырып отырған өзгерістерде бұл норма ескерілмеген.

«Тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұл институтты қайтару керектігін байқатып отыр. Атап айтқанда, кәсіпкерлер өз қызметінде ешбір арам ниетсіз елеусіз құқық бұзушылыққа жол беріп жатады және осы орайда келтірілген залалда елеулі емес. Дегенмен осының салдарынан туындайтын жауапкершіліктің салмағы өте ауыр. Сондықтан Кодекске келтірілген кішігірім залал үшін жауапкершіліктен босату туралы норманы қайтару жөн деп санаймын», - деді Жайылғанова «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында.

Өз кезегінде Әділет министрі Марат Бекетаев заң жобасын әзірлеу барысында бұл бастама көтерілгенін, кішігірім залалдың өлшемін айқындауға талпыныс болғанын атап өтті. Өкінішке қарай, бұл мәселеде мемлекеттік органдармен өзара келісімге қол жекізілмеген.

«Депутаттардың бұл тақырыптағы ұсынысын толықтай қолдаймын», - деді министр.

Осы мәселені талқылау барысында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Павлодар қаласында тұратын жеке кәсіпкердің хатын оқып берді.

«Парламент Мәжілісіне павлодарлық  жеке кәсіпкер Тұрсынхановтан келген хатты оқып бергім келеді. Хатта: «Парламент Мәжілісінде Әкімшілік кодекстің талқыланып жатқанын ескере отырып, Павлодар қаласы мемлекеттік кірістер басқармасы арасында туындаған мәселені жариялауды жөн көрдім. 2016 жылы мен 318 150 теңге айыппұл салынып, лицензияны тоқтата тұру әрі оны қайтару түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылдым. Осындай ауыр жаза болмашы қателікке бола, яғни есептеу қателігінен туындады. Мен лицензиялық алым аясында 212 100 теңгенің орнына 212 000 теңге төлеген екенмін, яғни 100 теңге кем төледім. Павлодардың мемлекеттік кірістер басқармасы маған айыппұл жазып, лицензия қайтарылды», - делінген. Қараңыздар не болып жатқынын! Сіз жаңа (Әділет министріне қарата айтты) екі-үш меморган «кішігірім залал» не екенін тұжырымдай алмай отырғанын айттыңыз. Осындай жағдайлар жиі кездеседі. Біз бизнес үшін қолайлы жағдай жасап жатырмыз деп мәлімдеп жүрміз. Жоғарыда аталған норманы қайтару керек. Жаза деңгейі жасалған құқық бұзушылықпен сәйкес болуы тиіс», - деп ұсынды Нұрлан Нығматулин.

Талқылау барысында әзірлеушілер жұмыс тобымен бірге осы мәселені мұқият қарап, егер зиян келтірілмесе, жауапкершіліктен босатуға мүмкіндік беретін заң жобасын екінші оқылымда қарағанға дейін пысықтау қажеттігі атап өтілді.

Соңғы жаңалықтар