Нығматулин: Бір мемлекеттік бағдарлама жарияланса, қаптаған акционерлік қоғамдар құрылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясының басшылығына шетелде өкілдіктерді ашу мәселесіне ерекше назар аударуды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі Мәжілістің жалпы отырысында «Kazakh Invest» басшысы Сапарбек Тұяқбаев шетелден инвестицияларды тарту бағытында Қытай, Түркия, Франция, Германия мен АҚШ-та бес өкілдік жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Енді алдағы уақытта компания Нью-Йорк пен Лондонда, БАӘ-де тағы үш өкілдік ашпақ.

Осы ретте Нұрлан Нығматулин жөні-жоқсыз акционерлік қоғамдарды құра беру мәселесіне пікірін білдірді.

«Кезінде «Самұрық-Қазына» ондаған өкілдіктерін қысқартқан еді. Енді басқа амалмен келе жатырмыз. Кез келген тапсырма, бастама немесе мемлекеттік бағдарлама бастала қалса, АҚ құра кетеміз. Содан кейін бастықтарды, орынбасарлары мен шетелдік кеңесшілерді қаптатамыз. Өтінемін, осыған келгенде ерекше назар аударыңыз», - деді Нұрлан Нығматулин «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын талқылау кезінде.

Отырыс кезінде депутат Сергей Симоновтың айтуынша, жалпы, Қазақстанға инвестицияларды тарту бойынша 2018 жылы бюджеттен 4,4 млрд теңге бөлу қарастырылып отыр. Жобаны айқындау кезінде тағы 1,1 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Яғни, аталған бағытта биыл 5,5 млрд теңге жұмсалмақ.

Соңғы жаңалықтар