Нұртас Ахат: Латын әліпбиі - Тәуелсіз ел ретіндегі еркін таңдауымыз

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Латын әліпбиі - Тәуелсіз ел ретіндегі еркін таңдауымыз. Көкшетаудағы Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты Нұртас Ахат осылай мәлімдеді.

Оның айтуынша, латын әліпбиі бүгінгі әлемнің ең дамыған мемлекеттерінің бәрінде де кеңінен қолданылады. Ертеде грек және этрус әліпбиінің тармағы ретінде Римде пайда болған әліпбидің таралған кеңістігі ауқымды.

«Әлем жаңа үшінші индустриалдық революция кеңістігіне еніп, жаңа нейроәлем қалыптаса бастаған кезеңде Қазақстаннның латын графикасын таңдауы мемлекеттік деңгейдегі дұрыс әрі тиімді шешім. Бұл мемлекетіміздің өз қауіпсіздігін ғана қамтамасыз ету емес, сонымен қатар дамыған жаһандық өркениеттің үрдісінен қалмау стратегиясы. Ең алдымен барлық қазақстандықтар үшін осы мақсатты санамен қабылдауға үйренуіміз қажет.

Латын әліпбиіне көшу мәселесі бүгінгі күні ғана көтеріліп отырған жоқ. Еліміз бұған салмақты түрде бар қоғамдық әлеуметтік, саяси-экономикалық мәселелерді жылдар бойы зерттеп, зерделеп барып шешім шығарып отыр. Бұған Елбасыдан бастап елін сыйлаған мемлекетшіл тұлғалар мен саясаттанушылар, тілші-ғалымдар, тиісті мекемелер атсалысты.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Қазақ тілін латын әрпіне көшіру - бұл ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей қадам», - деуі тегін емес», - дейді Нұртас Ахат.

Сонымен қатар, ол біздің буынға осы процесті бастан өткеру жұмысы жүктеліп отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, қиындықсыз, кедергісіз шаруа бітпесі анық, бірақ біз осының бәрі болашақ үшін зор прогреске, прагматикалық ілгері басушылыққа апаратынын түсіне білген жөн.

«Біз сананы синтезделген білім мен ақпарат билеген кеңістікке еніп келеміз. Соның басында жетекші фактор ретінде технология тұр, оның ішінде сандық технология басым бола бастады. Осы орайда латын графикасындағы елдер көп ұтады және озық тұрады. Мәселен, ІТ саласының мамандары қазақша «Википедия», «Гугл» аудармашы жобаларын жүзеге асыру кезінде кириллица негізіндегі қазақ алфавитімен жұмыс істеу қиындық тудырғанын айтып отыр. «Ал егер латын әліпбиіне көшсек, жаңа технологиялардың әлеуетін толыққанды пайдалануға болар еді», - деген пікір айтады.

Заманауи инновациялық электроника ғылымы алдағы 5-10 жылда аударма саласында зор жаңалықтарды ұсынғалы отыр. Соның бірі тілдерді, яғни мәтінді, сөйлесу әрекетін қолма-қол аудару технологиясының дүниеге келетіндігі. Яғни, қазіргі зиялы қауым қауіптеніп отырған рухани байлығымыздан айырылу туралы күдігі сейіледі», - дейді  Нұртас Ахат.

Рас, әліпбиге көшу барысында көптеген даулы пікірлер айтылып, қиындықтар кездесуі мүмкін. Сол себепті латын әліпбиіне көшу жұмыстарында дыбыс - фонема - графема - әріп байланыстарын терең түсінетін ғалымдар т.б. фонолог мамандардың пікірлерін ескеру қарастырылған.

«Латын графикасына (таңбасы) негізделген қазақ әліпбиін жасау ісінде тіліміз дыбыс жүйесіндегі төл дыбыстар мен өзге тілден енген кірме дыбыстарды жеке-жеке қарастырып, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен жазу барысында туындайтын әртүрлі заңдылықтары ескерілуі тиіс. Осы орайдағы менің ұсынысым: біріншіден Әліпби жобасын жасау ісінде латын графикасын қазақ әліпбиіне икемдеу бағытында өзінің салмақты ойлары мен ғылыми маңызды зерттеулерін көп талқысына ұсынып жүрген білікті ғалымдардың еңбектері әлі де болса ескеріліп, негізге алынуы қажет. Білікті ғалымдардың жаңа әліпби қажетті деңгейге реформаланғанға дейін пікір білдіріп, атсалысуына жағдай жасау керек.

Екіншіден Латын әліпбиіне қатысты барлық ұйымдастыру мәселелеріне Білім және Ғылым министрлігі қатысып, дер кезінде министрліктің пікірін, ұстанымын білдіруі қажет деп есептеймін. Және біздің облысымыздан тіл мамандары қатысып өздерінің ой-пікірлерін айтса деген ұсыныс бар.

Бұл әліпби - менің замандастарымның, тіпті біздің балаларымыздың, немерелеріміздің әліпбиі. Біз үшін латын әліпбиіне көшудің, оны оңай оқып кетудің ешқандай қиындығы жоқ. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында гуманитарлық бағыттағы 100 әдебиетті қазақ тіліне аудару мәселесі қозғалған еді.

Жанайдар Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің филолог мамандары латын әліпбиіне байланысты соңғы 2-3 жыл бойы ізденістер жүргізіп, жаңа әліпби туралы ақпарат пен хабарды жібермей оқып, зерттеп келеді. Міне, күні кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» деген тақырыптағы парламенттік тыңдалымда латын әліпбиінің жаңа үлгісі таныстырылды. Осы жаңа әліпби бойынша колледжіміздің әкімшілік қызметкерлеріне арнайы курс ұйымдастырылып отыр. Бұл курс келесі аптадан бастап өз жұмысын бастайды. Болашақта осы курстың аясын кеңейтіп ұстаздар мен студенттерге де латын әліпбиінің тиімділігін, қыр-сырын үйретеміз деген ойдамыз», - дей келе Нұртас Ахат сөз соңында жаңа әліпбиді кеңінен түсіндіріп, қоғамда оң пікір туғызуға, ел ішінде зияратты негізде насихаттауымыз керектігін алға тартты.

Соңғы жаңалықтар