Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапары: Стратегиялық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы апта Қазақстан үшін тарихи сәтке толы болды. Тіпті әлемдік қауымдастықтың назарында болғандықтан халықаралық сарапшылар тарапынан бұны «Қазақстанның жұлдызды сәті» деушілер де болды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың осы аптадағы АҚШ-қа ресми сапары Елбасының 2018 жылдағы алғаш шетелдік сапары болса, Ақ үйдің қожайыны Дональд Трамп үшін де жыл басталғалы бергі шетелдік мәртебелі мейманды ресми резиденциясында алғаш қарсы алуы екен. Қарсы алу демекші, алпауыт мемлекеттің президенті Қазақстанның Елбасына жылышырай танытқанын әлем жұртшылығы байқады. Бұл солай болуы тиіс те секілді. Өйткені Нұрсұлтан Назарбаевты әлемдік қауымдастық, соның ішінде ресми Вашингтон да «станмен» аяқталатын мемлекеттің басшысы ретінде ғана емес, Орталық Азия мен Еуразиялық Одақ көшбасшыларының бірі, түркі жұрты мен мұсылман елдерінің ең беделді тұлғасы, ядролық қаруды таратпау жаһандық қозғалысының көсемі ретінде мойындайды.

Қазақстан АҚШ үшін Орталық Азиядағы маңызды мемлекет

Айта кетерлігі, АҚШ Президенті Д.Трамп Нұрсұлтан Назарбаевты ресми сапармен келуге өткен жылдың күзінде шақырған болатын. Сәті түскен осы кездесуде Елбасы шақыртуы үшін Трампқа алғыс айтты. Сосын Президент Назарбаев алғашқылардың бірі болып Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған АҚШ тарапы екенін еске салып, содан бергі 26 жыл ішінде екі ел арасындағы байланыс жаңа белеске көтерілгенін, бүгінгі ресми сапар да соның айғағы екенін алға тартты. Трамп та АҚШ тарапының Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі стратегиялық әріптес ретінде көретінін айтып, Қазақстанды өңірлік бейбітшілік пен қауіпсіздіктің шешуші факторы ретінде бағалайтынын жеткізді. «Сіздің ресми сапармен келгеніңізге қуа­ныш­тымын. Сізге барлығы зор құрметпен қарайды. Екі ел арасындағы қарым-қатынас керемет жолға қойылған. Қазір Қазақстанның жағдайы өте жақсы. Біз үшін Сізді қабылдау зор мәртебе»,- деді АҚШ Президенті.

Қазақстан мен АҚШ президенттері арасындағы шағын құрамдағы кездесуде де келелі мәселелер талқыланған. Кейіннен Трамппен кездесуі туралы Назарбаев былай деді: «Ол жұмысына кіріскен уақыттан бері сырттай байланыстар болып, екі рет телефон арқылы сөйлесіп, Эр-Риядта кездестік. Және де біздерде қандайда бір өзара түсіністік қалыптасты. Мен оның басқа президенттерге мүлдем ұқсамайтындығын білдім. Мен Үлкен Буштан бастап, Клинтон, Кіші Буш, Обамамен кездестім. Оның келіссөздер жүргізу мәнері де ешкімге мүлдем ұқсамайды. Бизнестің, нақтылықтың адамы, бос сөзді ұнатпайды. Біз бір-бірімізбен бірден түсіністік. Жайлы келіссөз болды, ешқандай проблема болған жоқ. Қайта талқылаған мәселелер бойынша тікелей байланысып отыруға уағдаластық. Америкалық компанияларға Қазақстанда жұмыс істеуге белгілі мүмкіндік берілетіндігіне, Қазақстан Орталық Азиядағы маңызды ел екендігіне келістік».

Ал Дональд Трамп Қазақстан мен АҚШ тарапы халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тізе қосып жұмыс істеп келе жатқанын, Қазақстан өзіндегі ядролық қарудан бас тартып, ұрпағы үшін қауіпсіз және бейбіт болашақ қалыптастырғанын атап өтті. «Біз алдағы уақытта Қазақстанға инвестиция салуды арттыруды көздеп отырмыз. Әсіресе, энергетика секторына баса назар аудармақпыз. Қазіргі таңда Қазақстанмен стратегиялық әріптестігіміз ілгері жылжып келеді. АҚШ пен Орталық Азия арасындағы әріптестік көпшіліктің күткенінен әлдеқайда жедел жүру үстінде. Ауғанстандағы біздің әскерімізге айтарлықтай көмек көрсетіп келеді. Екі арадағы әріптестік Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметіне кірісуімен одан әрі нығая түсуде», - деді АҚШ Президенті.

Айтпақшы, қауіпсіздік мəселесі туралы сөз болғанда АҚШ президенті Қазақстанның ядролық қаруды таратпау ісіндегі көшбасшылығына қатысты ұстанымын тағы бір мәрте нақтылады. Трамп Қазақстанды Корей түбегіндегі ядролық қаруға қатысты мәселеде АҚШ-тың сенімді әріптесі ретінде бағалады. «Біз бірлесіп Солтүстік Корея режимінің әлемге ядролық қару қаупін төндіруінен қорғай аламыз. Президент Назарбаевқа Ауғанстандағы әрекетімізге қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын. Қазақстанның ДАИШ және Талибан содырларымен күресте маңызды логистикалық қолдау көрсетуін жоғары бағалаймын», - деді Трамп.

7 миллиард доллар келісімі: мұхиттың арғы жағынан инвестиция ағыны артады

Елбасымен кездесуінде АҚШ президенті Қазақстандағы бизнес өкілдеріне жасалып жатқан қолайлы жағдайға да назар аударды. Дональд Трамп бұл ретте ондай қолайлы жағдайдың америкалық компаниялардың Қазақстанды тиімді жұмыс істеуіне жақсы мүмкіндік беретінін айтқан болатын. «Америкалық кәсіпкерлер Қазақстан экономикасына инвестиция салу бойынша алдыңғы қатарда. Екі арадағы сауда және экономикалық байланысты нығайту мақсатында Н.Назарбаев АҚШ-тың іскерлік топтарының өкілдерімен кездеседі. Біз сауданың екіжақты және әділ болуы керек екеніне келісеміз», - деді АҚШ Президенті.

Расында, АҚШ Қазақстан экономикасы үшін де маңызды серіктес саналады. Мәселен, Қазақстандағы америкалық компаниялар ел экономикасына 50 миллиард доллардан астам қаржы құйып, бес мыңға жуық жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік жасаған. Қазақстанға келетін АҚШ азаматтарына визасыз режім енгізілген. Кездесудегі әңгіме ауанына орай Елбасы визаға қатысты ендігі қадамды АҚШ тарапынан күтетінін, сонымен қатар алдағы уақытта екі ел арасында тікелей әуе қатынасы орнатылуы қарастырылатынын атап өтті. «Бүгінгі дөңгелек үстелде 7 млрд доллар көлеміндегі 20 келісімшартқа қол қоюды жоспарлап отырмыз. Бұл ‒ бизнес өкілдері арасындағы өзара байланыстың жоғары деңгейін көрсетеді. Біз Боинг ұшақтарын сатып алуды, Қазақстанда 900 электровоз салуды және ауыл шаруашылығы саласындағы байланысты арттыруды көздейміз», деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары аясында АҚШ-тың іскер топтары өкілдерімен дөңгелек үстел өткізілген болатын. Жоғарыда айтылған 7 млрд доллардан асатын инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы 20-дан астам екіжақты экономикалық құжатқа осы кездесуде қол қойылды. Америкалық капиталдың қатысуымен жүзеге асырылатын бірлескен жобалар Қазақстан экономикасының әртүрлі салаларын қамтитын болады. Мысалы, іс-шаралар барысында инвестициялық және сауда-экономикалық ынтамақтастық туралы, авиациялық және ғарыштық өнеркәсіп саласында, ауылшаруашылығы, көлік және т.б. саласында жетекші америкалық компаниялармен - Chevron Overseas, W. R. Grace&Co, GE Transportation Parts, Pfizer, John Deere, Amity Technology, Global Beef Investments және басқаларымен коммерциялық құжаттарға қол қойылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында көрсетілген тапсырмаларға сәйкес, республиканың экономикасын сандық бағытқа көшіруге бағытталған құжаттар рәсімделген. Атап айтқанда, «GE Digital» және  «Самрұқ-Қазына» АҚ арасындағы теміжол көлігін, энергетиканы, мұнай өңдеуді және экономиканың басқа да секторларын сандандыру жөніндегі жобаларды жүзеге асыру бойынша стратегиялық әріптестік туралы келісім жасалған. Бұдан бөлек, Қазақстан-Америка сауда-экономикалық және инвестициялық қарым-қатынастарды одан әрі дамыту, сондай-ақ екі елдің іскерлік топтарын жақындастыруға арналған маңызды мәселелердің бірі АҚШ-тың ірі қаржылық институттарымен жалпы сомасы $3 млрд бірлескен инвестициялық жобаларды және сауда операцияларын қаржыландыру туралы құжаттарға қол қоюы болды.

Түйіндей айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапары, Дональд Трамппен келіссөзінің экономикалық тиімділігі жоғары болды, бұл өз кезегінде елімізге «мұхиттың арғы жағынан» келетін инвестицияның жа­ңа ағымын қамтамасыз ететін болады.

Қазақстан мен АҚШ стратегиялық ынтымақтастық аясын кеңейтуге уағдаласты
null 

Президент Назарбаевтың Америкаға ресми сапарының қорытындысы ретінде екі президенттің Кеңейтілген стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімін айту керек. Осы арқылы біріншіден, АҚШ Қазақстанды Орталық Азиядағы келешегі мықты мемлекет ретінде мойындап, осы өңірдегі ғана емес әлем қауіпсіздігінің шешуші факторы ретінде сенімділік танытып отыр.

Президенттердің бірлескен мәлімдемелеріне сәйкес, саясат пен қауіпсіздік, сауда мен инвестициялар жөніндегі ынтымақтастықты, сондай-ақ екі ел халықтары арасындағы байланыстарды Кеңейтілген стратегиялық әріптестік комиссиясы аясында жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулер өткізу арқылы нығайту көзделеді. Сосын Қазақстан мен АҚШ «C5+1» диалогы сияқты өңірлік ынтымақтастық форматтарын пайдалану арқылы Орталық Азиядағы ортақ сын-қатерлерге төтеп беруге дайын екендіктерін мәлімдеді. Бұл ретте болашақта Ауғанстанның «C5+1» жобаларына қатысуын да құпталды.

Сонымен қатар, президенттер Корей Халық Демократиялық Республикасының ядролық және зымырандық бағдарламаларын қоса алғанда, жап­пай қырып-жоятын қарудың заңсыз таралуын айыптады. Прези­дент­тер ядролық байыту технология­ларының таралу қаупін азайтуға бағытталған МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкінің таяуда Қазақстанда ашылуын құптады.

 Бұдан бөлек, Н.Назарбаев пен Д.Трамп екіжақты сауда мен инвестицияларды ұлғайтуға, екі елде де жұмыс орындары мен мүмкіндіктер ашуға бағытталған әділ және өзара тиімді экономикалық әріптестікті ілгерілетуге әзір­ліктерін білдірді. Президент Д.Трамп Қа­зақстанның әртарап­тан­ды­рылған және инновациялық экономиканы дамыту жөніндегі өршіл жоспарларын құптап, АҚШ-тың қаржылық даму инс­титуттарының Қазақстанға инвестициялар тартуға мүд­делі­лігін атап өткен болатын. Сонымен бірге, президенттер тұрақты әрі қалыпты сауда қатынастарын дамыту үшін заңнамалық шараларды қолдайтындықтарын мəлімдеді. Екі Мемлекет басшылары мұнай-газ, ядролық қаруды таратпау және бейбіт ядролық даму салаларын қоса алғандағы екіжақты энергетикалық ын­тымақ­тас­тық­тың негізгі бағыттарын айқын­дайтын Энергетика сала­сындағы стратегиялық диалог деңгейін көтеруді бел­гіледі.

Жаһандық мінбердегі жауапты сәт - Қазақстанның БҰҰ-ға төрағалығы

Мемлекет басшысының АҚШ-қа ресми сапары Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығымен тұспа тұс келді. Былтыр Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес өкіл ретінде сайланған Қазақстан 2018 жылдың қаңтарынан Кеңеске төрағалықты қолға алған болатын. Ережеге сәйкес, төрағалыққа кіріскен Қазақстан бұған дейін жұмыс кестесін бекітіп, Мемлекет басшысының ашық пікірталасқа қатысуы жоспарланғанын жариялап еді.

Вашингтоннан БҰҰ штаб-пәтері орналасқан Нью-Йоркке келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық органның жиынын өзі жүргізді. Қауіпсіздік Кеңесінің отырысындағы жоғары деңгейлі пікірталас бойынша бекітілген басты тақырып «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары». Жиын барысында Кеңеске қатысушылар тақырыптың маңызына мән беріп, дәл осы бағыттағы қазақстандық бастамалардың өззектілігін атап өтті. Мәселен, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Қазақстанның ядролық қарудан азат әлем құрудағы белсенді қызметі үшін елімізді ерекше атады.

Ал Польша Президенті Анд­жей Дуда өте маңызды тақырыпта жоғары деңгейде пікірталас ұйым­дастырған Қазақстанға алғыс айтты. «Президент Нұрсұлтан Назар­баев алғаш рет ядролық қару­дан бас тарту туралы шешімін жариялағанда, мұны мемлекет үшін жасалған таңдау екенін айт­қаны есімде. Содан бері Қазақстан өзінің шешіміне берік екенін көрсетті. Жақында Қазақстанда төмен байытылған уран банкі ашылғанын атап өткім келеді. Бұл - ядролық қауіпсіздікті қол­дау жолындағы маңызды қадам және бұл бейбітсүйгіш мемлекеттер арасындағы ашық қарым-қатынасты нығайтады», деді А.Дуда.

Жалпы Президент Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі отырысындағы өз мәлімдемесінде Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес өкілі ретіндегі қызметіне тоқталды. Ал тақырып аясындағы пікірінде Елбасы бейбітшілік пен қауіп­сіздікке қол жеткізу жолындағы се­нім шаралары шиеленістің ал­дын алу мен маңызды жаһан­дық проб­лемаларды шешуде негізгі рөл атқаратынын атап өтті. «Сенім шаралары бүкіл адам­затқа жаңа жойқын соғыс қатері төнген XX ғасырдың екінші жар­тысында жаппай жойылу қау­пінің алдын алу кезінде өзін-өзі ақтады. БҰҰ Жарғысында «Басты міндетіміз ‒ келешек ұр­пақ­ты соғыс қаупінен құтқару» деп жазылған. БҰҰ жүйесіндегі ши­рек ғасыр ішінде Қазақстан қар­қынды даму жолынан өтті. Яд­ро­лық арсенал бойынша әлем­дегі төртінші елден тарат­пау жө­ніндегі қозғалыстың көш­бас­­шысына айналды. Ядролық қа­ру­дан және ядролық держава мәрте­бесінен бас тарту біздің сана­лы әрі шынайы таңдауымыз жә­не Қазақстанның барша халқы қол­­дап, әлемдік қоғамдастық ла­йық­­ты бағасын берген ерікті қа­да­­мы­мыз болды» деп атап өтті Нұрсұлтан Назар­­баев.

Бұл ретте Президент Солтүстік Кореяны қазақстандық бастама жолымен жүруге шақырды. Сонымен қатар, Елбасы ядролық қаруды таратпау са­ла­сындағы сенімді нығайта түсу үшін бірқатар ұсыныстар жасады. «Біріншіден, Ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шығу процесін қиындату қажет деп санаймын. КХДР әрекеті ядролық қаруды иеленсем деген амбициясы бар басқа елдерді осындай қадамға итермелеуі мүмкін. Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа күмән келтірмей, бұл Шартты бұзатын елдер үшін осының нақты салдарын (санкция шараларын қоса алғанда) айқындайтын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы қарарын әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Екіншіден, жаппай қырып-жою қаруларын иемденуге және таратуға қатысты қатаң шара қолданудың нақты жұмыс істейтін механизмін әзір­леу керек. Мұн­дай көпжақты келісімдерді БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жеке­ле­ген қарарларында бекіту қажет. Жаппай қырып-жою қаруларын иемдену ниетіне жол бермеудің басты шарасы ретін­де атом қаруын иеленуден ерікті түрде бас тартқан және ядро­лық қаруы жоқ мемлекеттерге ядролық державалардың бере­тін кепілдігін заң жүзінде мін­дет­тейтін жүйені дамыту қажет», деп атап өтті Н. Назарбаев.

Бұдан бөлек, мемлекет басшысы халықаралық қарым-қатынасқа саяси сенім мен жүйелі диалогты міндетті түрде қайтаруды баса айтып, бірқатар конструк­тивті тәсілді Солтүстік Кореяның ядролық проблемасын реттеуде де қолдануға болатынын жеткізді. Бұл ретте Н.Назарбаев мүдделі тарап­тар­ды Солтүстік Корея мәсе­лесін неғұрлым жылдам әрі конс­труктивті жолмен шешуге ша­қырып, мүдделі тараптар қажет еткен жағдайда, Қазақ­стан келіссөз алаңын ұсынуға да­йын екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, басқосу қорытындысы бойынша БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесі төрағасының өңір­лік деңгейде превентивті дипломатия және шиеленісті болдыр­мау жөніндегі мәлімдемесі қабылданды. Құжатта қазіргі халық­аралық қатынастар тақыры­бын­дағы маңызды мәселелер қамты­лып, оның шешімдері ұсыныл­ған.

 

 

 

 

Соңғы жаңалықтар