Нұрсұлтан Назарбаев Трамппен қандай мәселелерді талқылады

None
None
НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат - Бүгін АҚШ-қа ресми сапарын қорытындылап, қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен қандай мәселелерді талқылағанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ол жұмысына кіріскен уақыттан бері сырттай байланыстар болып, екі рет телефон арқылы сөйлесіп, Эр-Риядта кездестік. Және де біздерде қандайда бір өзара түсіністік қалыптасты. Мен оның басқа президенттерге мүлдем ұқсамайтындығын білдім. Мен Үлкен Буштан бастап, Клинтон, Кіші Буш, Обамамен кездестім. Оның келіссөздер жүргізу мәнері де ешкімге мүлдем ұқсамайды. Бизнесмен, нақтылықтың адамы, бос сөзді жақсы көрмейді. Бұл маған да ұнайды. Біз бір-бірімізбен бірден түсіністік. Жайлы жұмыс жасадық, ешқандай проблема болған жоқ. Қайта талқылаған мәселелер бойынша тікелей байланысып отыруға уағдаластық. Америкалық компанияларға Қазақстанда жұмыс істеуге белгілі мүмкіндік берілетіндігіне, Қазақстан Орталық Азиядағы маңызды ел екендігіне келістік», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы АҚШ пен Қазақстанның стратегиялық серіктестігін одан ары нығайту мәселесі Дональ Трамппен бірге қол қойған бірлескен мәлімдемеде көрініс тапқандығын баса айтты. АҚШ Президентімен әлемнің шиеленісті нүктелеріндегі мәселелер де талқыланғанын атап өтті.

«Оны Солтүстік Кореядағы ахуал қатты алаңдатады. Мен Солтүстік Корея проблемасын АҚШ, Ресей және Қытай тізе қоса отырып қана шеше алатындығын айттым. Басқа шешімі жоқ. Ол мұнымен келісті. Меніңше, дәл осы бағытта жұмыс істеу қажет», - деді ҚР Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президентімен Иран мәселесін, ядролық бағдарламасын тоқтату келісімін талқылағанын айтты.

«Трампқа бұл келісімдер ұнамайды. Бірақ мен бұл келісімнің жан-жақты сараланған, қажетті екендігін, оны алып тастау Иранның өзінің бағдарламасын жүзеге асыруды қайта қолға алуына түрткі болатындығын, сол кезде Солтүстік Корея сынды тағы бір проблемаға тап болатындығымызды табанды түрде айттым. Меніңше, бұл бағытта жұмыстар жүргізілетін болады», - деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президентімен Ауғанстан мәселесі де қарастырылғандығын айтты.

Соңғы жаңалықтар