Нұрсұлтан Назарбаев пен Дональд Трамп стратегиялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді - ҚР СІМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ Президенті Дональ Трамптың Ақ үйдегі кездесуі қазақстандық-америкалық ынтымақтастықтың басты басымдықтарын анықтап береді. ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Талғат Жұмағұлов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Бұл - Қазақстан Президентінің жаңа әкімшілік іске кіріскелі бері Вашингтонға тұңғыш сапары. Бұдан бұрын Нұрсұлтан Назарбаев пен Дональд Трамп Эр-Риядта өткен «Ислам әлемі - АҚШ» саммитінде тілдесіп, сонымен бірге телефон арқылы сөйлескен болатын. Ақ үйдегі осы жолғы кездесу жақын жылдардағы қазақстандық-америкалық ынтымақтастқтың басты басымдықтарын анықтап береді. Қазақстан стратегиялық ынтымақтастықтың жаңа деңгейдегі байланысы мен оның ұзақ мерзімді дамуына үміт артады», - дейді ол ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Талғат Жұмағұлов өз сөзінде өткен жылдың қыркүйек айында Нұрсұлтан Назарбаев пен Дональд Трамп телефон арқылы сөйлескен кездерінде екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынасты күшейтуге келіскендерін еске салды. Оның айтуынша, сауда, инвестиция мен технологиядар тақырыбы екі көшбасшының келіссөздерінің және АҚШ-тың іскер ортасының өкілдерімен кездесулердің негізі болмақ.

«Қазақстан Президенті осы жолғы Жолдауында төртінші өндірістік революция жағдайында экономиканы жаңғырту бойынша міндеттерді белгілеп берді. Бұл міндеттерді орындау мақсатында Америка бағытында Қазақстанның дипломатиясы да жұмысын күшейтетін болады», - дейді ол.

Бүгінгі таңда АҚШ - Қазақстанға қаржы құйып отырған ірі инвесторлардың бірі. Қазақстанда 500-ге жуық америкалық компания жұмыс істеп жатыр. 2005 жылдан бері АҚШ елімізге 30 млрд долларға жуық инвестиция құйған.

«Президенттің іссапары Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуімен тұспа-тұс келіп отыр. Қауіпсіздік Кеңесіне мүше елдердің кеңесі халықаралық қатынастардың күрделі кезінде өте маңызды болып табылады. Бұдан бұрын Нұрсұлтан Назарбаев пен Дональд Трамп терроризмге қарсы күрес пен ядролық қарусыздандыру бойынша диалог орнатуға келіскен болатын. Аймақтық қауіпсіздік пен Ауғанстандағы ахуал екіжақты келіссөздердің күнтәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі», - дейді ол.

Еске сала кетсек, бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтонға ұшып келді. Іссапар аясында Мемлекет басшысы АҚШ Президенті Дональд Трамппен және АҚШ-тың іскерлік ортасымен кездесу өткізеді.

Соңғы жаңалықтар