Нұрсұлтан Назарбаев Наурызға арналған мюзиклді тамашалады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Конгресс орталығында Наурыз мейрамына арналған "Жаңарған жер, бақ қонған нұрлы ел" атты жаңа мюзикл қойылды. Мерекелік шараны ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тамашалады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.



Мюзиклдің негізгі мақсаты - мифология арқылы Наурыз мейрамының мән-маңызын жаңа қырынан көрсету, ұлттық құндылықтарды тың жанрмен жеткізу. Сценарийге сәйкес, Наурыз есімді жас жігіт Аязбике, Жезтырнақ сияқты жағымсыз кейіпкерлермен күресіп, көктемнің жаршысы - Қарлығаш деген сұлу қызды құтқарады. Жолға шығардың алдында дана қария оған өз батасын беріп: "Наурыз, сен маңдайынан күн сүйіп, тағдырдың таңдауы түскен ерекше баласың. Саған үлкен міндет жүктелді. Зұлым күштер адамнан тартып алған ең құнды қасиеттерді қайтаруың керек. Жан мен тәнді мұз құрсауынан босатар - жылулық. Қапас қараңғылықты жеңетін - нұр сәулесі. Тас жүректі жібітетін - маxаббат сезімі. Қорғансыздықтан сақтайтын - сабырлық, арамдықтан құтқаратын - адалдық сынды қасиеттер, балам!", - деп сиқырлы қауырсынды тапсырады. Осыдан кейін бас кейіпкер - Наурыз барлық жағымсыз кейіпкерлерді жеңіп, мақсатына жетеді. Жер-жаһанға күн сәулесін түсіріп, зұлымдық пен жамандық күштерін жеңеді. Өмірдің философиясын түсінеді.

Дана қарияға қайтып келгенде Наурыз жігіт өмірдің мәнін түсінгенін айтады. "Мен барлық қиындықтарды еңсеріп, бақ-береке мен бақыттың құпиясын таптым. Ол - xалықтың бірлігі, бейбітшілік пен тыныштық, ата-бабалардың өсиетіне адалдық", - дейді Наурыз.

Айта кеткен жөн, мюзиклға опера, балет, цирк, эстрада мен танымал би ұжымдары қатысты. Ұйымдастырушылар бұның барлығын классикалық және дәстүрлі музыкамен, графика мен компьютерлік теxнологиямен шебер көрсете білді.



Соңғы жаңалықтар