Нұрсұлтан Назарбаев: Латын әліпбиімен күнделікті жазып үйреніп жүрмін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев латын әліпбиімен жазып үйреніп жүргенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруді бастадық. Ол жөнінде үлкен әңгіме, халықтың арасында талқылау болды. Елдің пікірін жинадық. Ғалымдардың, тіл мамандардың ұсыныстарын жинадық. Бұл еліміз үшін, халқымыз үшін теңдесі жоқ оқиға деп санауға болады», - деді Мемлекет басшысы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында жарық көрген оқулықтардың таныстырылымы барысында.

Елбасы Тәуелсіздіктің арқасында, осы 26  жылдың ішінде қол жеткізген жетістіктерге де тоқталды. Бірінші жетістік ретінде Қазақстанның әлем қауымдастығының төрінен орын алған елге айналғанын айтты. Ал қазақ халқы тұңғыш рет өз санасымен, өз ойымен  елордасын салғанын екінші жетістік деп атады.

«Барлық хандарымыз осындай қала салуды армандап кеткен. Ол арманға біз жеттік. Үшіншісі ешкімнің ықпалынсыз тәуелсіз, егемен ел ретінде ешкімнің мәжбүрлеуінсіз, өз еркімізбен әліпбиімізді, жазуымызды таңдадық. Әр елдің тарихында мұндай мәселе есте қаларлық үлкен оқиға саналады. Біз еліміз көш басында болсын, ана тіліміз кемелдене түссін деп осыны жасадық. Қазір оны бекіттік. Енді ептеп-ептеп енгізуіміз керек. Өзім де күнде отырып алып Абайдың сөздерін, ойларымды сол әліпбимен жазамын. Меніңше, онша қиын емес», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, Астанадағы Назарбаев орталығында «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған алғашқы кітаптардың таныстырылымы өтіп жатыр. 

Жиында сөз сөйлеген Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы қазақ тіліне аударылған 18 оқулықтың жалпы таралымы 47 миллионнан асатындығын айтты.

Сонымен қатар, ол америкалық студенттер 280 долларға сатып алатын оқулықты қазақстандықтар тегін оқитындығын атап өтті.

 

Соңғы жаңалықтар