Нұрсұлтан Назарбаев қысқы Универсиада ойындарын ашық деп жариялады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Спорт бейбітшілік пен татулықтың, ынтымақтастық пен тілектестіктің символы, деп атап өтті бүгін Алматыда өткен 28-інші Дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. 

Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісі хабарлады.

«Бүгін Ұлы дала елінде салтанатты спорттың - ұлы мерекесі. Жастар сайысына 57 елден 2 мыңнан астам спортшы, мыңдаған спорт маманы мен жанкүйер жиналды. Спорт бейбітшілік пен татулықтың, ынтымақтастық пен тілектестіктің символы. Қонақжай Қазақстан жеріне хош келдіңіздер!», - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Универсиаданың Алматыда өтуі Халықаралық студенттік спорт федерациясына кіретін 171 елдің Қазақстанға деген сенімі мен зор құрметі екенін айтты.

«Жер жаһан көз тіккен бұл Универсиада нағыз жастық жігердің арманы, жарқын жеңістердің бастауы, болашақ Олимпиада чемпиондарының мектебі. Қысқы Универсиада Тәуелсіз мемлекеттер достастығы аумағында тұңғыш рет біздің елімізде өткізіліп отыр, бұл - біздің еліміз үшін мәртебе», - деді Елбасы.

Сонымен қатар, Президент Универсиада қарсаңында Алматыда бірнеше спорт нысаны салынғанын айтып өтті. «Мұның бәрі отандық спорттың инфрақұрылымына салынған инвестиция»,  - деді ол. 

Мемлекет басшысы бүкілдүниежүзілік додаға келген спортшыларға сәттілік тілеп, ойындарды ашық деп жариялады.    

 

Соңғы жаңалықтар