Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияның 26-бабына қатысты нақты шешім қабылдайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Таяу күндері ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев конституциялық реформа аясында қоғамның қызу талқысына түскен 26-бапқа қатысты нақты шешім қабылдайды. Бұл туралы бүгін билік тармақтары арасындағы өкілеттікті қайта бөлу жөніндегі жұмыс тобының отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Қазақ гуманитарлық заң университеті Азаматтық-құқықтық зерттеулер ғылыми-зерттеу институтының директоры Төлеш Қаудыров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бір айға созылған конституциялық реформаларды талқылау процесі бүгін аяқталды. Жобаны бастан-аяқ қайта қарап шықтық. Комиссия мүшелері бірауыздан жобаның 99 пайызын қабылдады деп айтуға болады. Атышулы 26-бапқа байланысты соңғы шешім қабылданған жоқ. Оған қатысты Президентіміздің шешімі болады. Осыдан кейін құжат Парламентке енгізіледі»,- деді ол.

Оның атап өтуінше, ел азаматтарынан конституциялық реформаға байланысты 6 мыңнан астам ұсыныс келіп түскен. Олар Конституцияның 98 бабының 63 бабына қатысты болды.

«Ұсыныстар жан-жақты. Үкіметтің қызметінен бастап, құқық қорғау органдарының, соттардың жастарына қатысты да мәселелерге халық қызығушылық танытқан. Ел бойынша әртүрлі деңгейдегі 200-ден астам отырыс өтті. Жалпы, 2 мың адам түсіндіру жұмыстарына атсалысты.

Констиуциялық реформа қоғам өклдерінің зор қызығушылығын туындатты деп айтуға болады», - деді Қаудыров.

Сонымен қатар ол БАҚ өкілдерінің 26-бапқа қатысты нақты шешім қашан қабылданады деген сауалына да жауап берді.

«Президент бүгін не ертең 26-бапқа қатысты өз шешімін шығарады. Елбасының пайымынша, бірінші кезекте халықтың пікірін, көзқарасын ескеру қажет. Конституция 100 пайыздық келісімнің нәтижесі болуы тиіс. Меніңше, бүкіл халықтың ризашылығын тудыратын шешім қабылданады»,- деді институт директоры.

Соңғы жаңалықтар