Нұрсұлтан Назарбаев Қара және Каспий теңіздерін су жолымен жалғауды ұсынды

None
None
СОЧИ. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысында ұйым аясындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған бірқатар мәселені көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Президентінің атап өтуінше, ең біріншіден бұған дейін қабылданған шешімдердің орындалуын саралап, кешенді шаралар әзірлеу үшін одаққа мүше елдердің арнайы үкіметаралық жұмыс тобын құру қажет. Жұмыс тобы шекарада, сонымен қатар экономиканың салалары арасындағы саудағы кедергілерді анықтау тиіс.

«Екіншіден, қазіргі санкция ықпалындағы күрделі жағдайларды ескере отырып, бізге одан әрі қалай жұмыс істеу керектігін қарастыру қажет. Байланыстарды одан әрі даму және тереңдету декларациясы туралы ұсыныс енгізілді. Осы жұмыстар біз осы уақытқа дейін не істегендігімізді түсінген кезде ғана жүргізілуі тиіс. Егер біз барлығын орындаған болсақ, онда қатынастарды тереңдету жайында айтуға болады», - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Үшіншіден, Қазақстан Президенті ірі инфрақұрылымдық мегажобаларды жүзеге асыру мүмкіншіліктерін қарастыру қажеттігіне назар аударды.

«Оған Еуропа мен Азияны Ресей және Қазақстан арқылы жалғайтын «Еуразия» жоғары жылдамдықты темір жол магистралі жобасы жатады. Келесі келешегі зор жоба Қара және Каспий теңіздерін су жолымен байланыстыруға мүмкіндік беретін «Еуразия кеме арнасы құрылысы бола алар еді. Бұл, әрине, ірі жобалар. Бірақ, біз оларды қолға алуға тиіспіз. Басқаша сөзбен айтар болсақ, Еуразиялық экономикалық одақ инфрақұрылымы Азия мен Еуропаның, Шығыс пен Батыстың, Тынық және Атлант мұхиттарының арасындағы жақсы көпір бола алады», - деді Қазақстан Президенті.

Төртіншіден, Нұрсұлтан Назарбаев ЕАЭО қызметінде Еуразиялық даму банкі мен Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының рөлін арттыру қажеттігін баса айтты.

«Олар ірі жобаларды жүзеге асыруға белсенді түрде қатысуы керек», - деп түйіндеді сөзін Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, Ресейдің Сочи қаласында мемлекет басшыларының қатысуымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) кезекті отырысы өтуде. Шараға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей басшысы Владимир Путин, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Беларусь басшысы Александр Лукашенко және Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян қатысуда.  Басқосуда Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясындағы көпбағытты ынтымақтастықтың түрлі аспектілері, ұйымның ұйымдастыру-кадрлық бағыттағы шаралары мен ағымдағы жұмыс барысы сөз болады деп күтіледі. Күн тәртібіне 15 мәселе қойылған. Олардың екеуі шағын құрамда қаралады.

Соңғы жаңалықтар