Нұрсұлтан Назарбаев: ЭКСПО-ны өткізу құқығын иелену оңай болған жоқ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  ЭКСПО-ны Қазақстанда өткізу құқығын жеңіп алу оңайға соққан жоқ. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан Президенті сұхбат барысында «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізудің маңыздылығын атап өтті.

«ЭКСПО-2017 аса үлкен маңызға ие. Көрмені Қазақстанда өткізу құқығын жеңіп алу оңайға соққан жоқ. Көрме өткізілетін үш айда Қазақстанға 2 миллион адам келеді деп топшылаған едік. Екі айдың өзінде 2,5 миллион адам келді. ЭКСПО-ны тамашалау 20 миллионға жуықты құрады», - деді ҚР Президенті.

Сондай-ақ, Елбасы латын қарпіне көшу мәселесіне де тоқталды.

«Латиницаға көшу орыс тілінен және кириллицадан бас тартуды білдірмейді. Бұл тек қазақтың тіліне қатысты мәселе. Орыс тілінде шығарылатын басылымдар қаз-қалпында шыға береді, яғни Қазақстанның орыстілді азаматтарына кириллица қалдырылады», - деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Нұрсұлтан Назарбаев «Хабар» телеарнасына сұхбат берді .  Оның барысында рухани жаңғыру үдерісіне қатысты өзекті сұрақтарға жауап беріп, конституциялық реформадан күтілетін нәтижелер жөнінде айтты.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізудің маңыздылығына тоқталып, оның жұмысы аяқталғаннан кейін кешен нысандарын пайдалану жоспары туралы ой бөлісті.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев отандық туризмді дамытудың перспективалары және өңірлердегі мәдени-туристік кластердің қалыптасуы жөнінде әңгімеледі.

Видеоны ҚР Президентінің Телерадиокешені ұсынды. 

Соңғы жаңалықтар