Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінде сөз сөйлейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейсенбі күні, 18 қаңтарда БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің жоғары деңгейдегі брифингінде сөз сөйлейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен болатын Қауіпсіздік Кеңесі мәжілісі «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: шаралар мен сенім» деген тақырыппен өтетінін айтқан. Қазақстан төраға ретінде аталған шараның тұжырымдамасын ұсынды және оны ҚК-нің барлық мүшелері қолдады. Құжатта «Бейбітшілік. XXI ғасыр» Манисфесі және 2017 жылдың 6 қаңтарындағы «Қазақстанның қауіпсіз әділ, дамыған әлем үшін жаһандық әріптестікті нығайту жөніндегі тұжырымды көзқарасы» атты екі құжат негізге алынған.

«Мұндағы мақсат жаппай қырып-жою қаруымен байланысты өңірлік шиеленістердің саяси шешімін табу болып табылады. Бұл ретте таратпау шаралары өзге де сенім шараларымен қатар жүргізілуі керек», - деді министр.

Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосы басшысының айтуынша, дебат барысында қырып-жою қаруын таратпаудың маңызды мәселелері сөз болады. Бұл ретте аталған мәселелер сенім шараларын нығайту жұмыстары аясында қарастырылмақ.

Министрдің сөзінше, Қазақстан «шиеленістердің алдын алу», «таратпау», «сенім шаралары» сияқты бағыттардың өзара үйлесімділігі аясында ақыл-кеңестер қалыптастыруға мүмкіндік беретініне үміт артады.

Сондай-ақ, шара таратпау бағытында сенім шараларын нығайту үшін халықаралық келісімдерді әмбебеп етуге ықпал етеді деген сенім бар.

Министрдің сөзінше, әңгіме ядролық қаруды таратпау келісіміне, ядролық қару сынақтарына жаппай тыйым салу, Биологиялық және у тарататын қаруларғы тыйым салатын конвенция, Химиялық және өзге де қаруларға тыйым салатын конвенцияға қатысты болып отыр.

Соңғы жаңалықтар