Нұрсұлтан Назарбаев: Астана процесі Сириядағы соғысты ішінара тоқтатты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сириядағы жағдайды ретке келтіру мақсатында Астанада өтіп жатқан келіссөздер турасында пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Бұл мәселе бойынша Женева келіссөздері жүріп жатыр. Онда көптеген елдер қатысуда. Олардың бір кездері тығырыққа тіреліп қалған кездері де болды. Сол уақытта Иран, Ресей, Түркия мен өзге де елдер Қазақстанның барлық мемлекеттермен қарым-қатынасы жақсы болғандықтан, маған келді. Келіссөздерді жүргізу алаңы керек еді. Біз келісімімізді бердік, келіссөздер жүріп жатыр, келесі раунды бүгін басталады. Осы келіссөздердің арқасында кейбір жерлерде соғысты тоқтатып, деэскалацияның үш ошағын құруға мүмкіндік туды. Бейбітшілік орнай бастады», - деді Ақордада тілшілер қауымының сұрақтарына жауап берген Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президентінің сөзіне сәйкес, бүгін деэскалацияның келесі алаңы талқыланатын болады.

«Біз бұған көп үлесімізді қосып жатырмыз деп ойлаймын. Соңғы жылдары ол аймақтардан 5 миллион адам босып кетті. 186 мың адам қырылды деп айтып жатыр. «Не үшін?» деген сұрақ туындайды. Міне, сондықтан, біз Қазақстанда тұрақтылықты қадір тұтамыз. Әлемдік тарихтың ең әйгілі ескерткіштері қирап қалды. Мәдениеті тоналды», - деді Мемлекет басшысы.

Президент тағы да бұл сұрақтарды шешуге Қазақстан бейбіт түрде шыққанын еске сала кетті.

«Меніңше, бейбітшілікке дейін әлі алыс секілді. Бірақ, әр мемлекет өз қарым-қабілетіне қарай үлесін қосуы керек. Біз жұмыстағы өз бөлігімізді атқарып жатырмыз. Бұл жұмысты жалғастыру беруіміз керек деген ойдамын», - деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар