Нұрсұлтан Назарбаев: Америка Қазақстанға салынған инвестиция көлемі бойынша 2-орында

None
None
ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат - Бүгін Вашингтонда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың іскерлік топ өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпараттың арнаулы тілшісі.

Елбасы кездесу барысында Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың стратегиялық сипатына айрықша мән беріп өтті.

«Америка Қазақстан экономикасына салынған тікелей инвестиция көлемі бойынша екінші орынға ие. Тәуелсіздік жылдарының ішінде сіздердің компанияларыңыздың тарапынан Қазақстанға 50 млрд доллардан астам инвестиция келді. Өткен жылы елдеріміз арасындағы тауар айналымы шамамен 2 млрд  доллар болды. Елімізде америкалық капиталдың қатысуымен энергетика, көлік, инновация, медицина және басқа да салаларда 500-ден астам компания қызметін табысты жүзеге асыруда. Біздің ірі серіктестеріміздің арасында  «Шеврон», «Эксон Мобил», «Дженерал Электрик», «Хэллибёртон» және өзге де компаниялар бар», - деді Қазақстан Президенті.

Кездесу соңында авиация мен ғарыштық зерттеу, мұнай химиясы мен ауыл шаруашылығы, сонымен қатар инфрақұрылымдық даму салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға бағытталған құны шамамен 7 млрд долларды құрайтын инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы 20-дан астам коммерциялық келісімге қол қойылды. Мәселен, шамамен 1,5 млрд долларға авиация және ғарыштық зерттеу саласындағы техникалар мен қызметтерді сатып алу жөніндегі келісім жасалды. Ал АҚШ-тың Шетелдік жеке инвестициялар корпорациясымен, Опенхаймер және Голдман Сакс компанияларымен бірлескен инвестициялық жобалар мен сауда операцияларын қаржыландыру құжатының сомасы 3 млрд долларды құрайды. Сонымен қатар темір жол секторының жобалары бойынша Дженерал Электрик Корпорейшнмен 1 млрд доллардан астам сомаға келісімшарт рәсімделді.

Соңғы жаңалықтар