Нұрпейіс Байғаниннің «Нарқыз» дастаны тұңғыш рет сахналанды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі Тахауи Ахтанов атындағы драма театрда Нұрпейіс Байғаниннің «Нарқыз» дастаны сахналанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.



Дастан желісі бойынша пьесаны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Жұмат жазды. Бір сағаттан астам уақытқа созылған қойылым көрермен көңілінен шықты. Көрермендер актерлардың шеберлігі мен режиссураға ризашылықтарын білдіріп, қошемет көрсетті.

«Сөз шебері, сөздің хас жүйрігі Нұрпейіс Байғаниннің шығармасында бүлкілдеп соғып тұрған қазақтың қаны бар. Нұрпейіс атамыздың жырлары, дастандары, өлеңдері, поэмаларын жыршылар мен жыраулар жырлағанымен, осы уақытқа дейін театр сахнасына шықпаған екен. Біздің ойымызда, жүрегімізде жүрген арман осы болды. Тәуекел етіп, «Нарқызды» қолға алып, сахналық нұсқасы жазылды. Қойылымды Ақтөбе драма театрының ең үздік әртістері ұсынды. Автор, драматург ретінде көзімнен жас таматындай болып қарадым. Өз ойлағанымды сол күйі сахналады. Риза болдым. Біз Нұрпейіс атамыздың шығармасына қылаудай кірбің түсірмеуіміз керек. Шығарманы өңдеп, жөндеп, өзіміздің ойымызды қоспауымыз қажет. Мен де сол бағытты ұстандым»,- деді драматург Жолтай Жұмат.

«Нарқыз» тарихи драмасының қоюшы режиссері Елтай Кемал болды. Қиындықтар мен кедергілерге қарамастан тынбай еңбек еткен ұжым бүгін өз жетістіктерімен бөлісті.



«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жазды. Бұл - ел мен жердің рухын көтеруге үндейтін мақала. Театрдың бұрынғы директор Нұрлыбек Жұбатқанға драматург Жолтай Жұмат хабарласқанын айтып, «Нарқызды» сахналау туралы ой бөлісті. Мен қуана қабылдадым. Жыр тыңдап өскен ұрпақпыз, жүрегіме жақын шығарма. Спектакльдің ырғағын батыстың мінезіне сай төкпе жырмен бердім»,- деді режиссер Елтай Кемал.

Айта кетейік, тарихи драмада Кіші жүзден шыққан өнерлі әрі ақылды, өр мінезді Нарқыз есімді батыр қыздың ерлігі мен Орта жүздің қол бастаған жас нояны Нияздың тапқырлығы ұтымды көрсетіліп, екі ғашық арасындағы баянды махаббат көрініс тапты. Нарқыз рөлін Әсем Құсайынова, Нияздың рөлін Жасұлан Симонов сомадады. Сонымен қатар, Кеңес Кемалбаев, Әсет Оразалин,  Нұрболат Өтеғұлов, Толағай Карасаев, Есет Оразалин өнер көрсетті.

«Бұл қойылымға көп дайындалдым. Себебі, өзім нәзікпін, сахнада батыр қыздың рөлін сомдадым. Еркекшора қыздың образын ашу үшін ер адамдардың мінезін, сөздерін бақылап, үйрендім»,- деді актриса Әсем Құсайынова.

Елімізде алғаш рет сахналанған «Нарқыз» пьесасын Нұрпейіс Байғаниннің баласы Момын Байғанин де тамашалады.

 

 

Соңғы жаңалықтар