«Нұрлы жол» қаржысына ие бола алмаған әкімдер ақшасыз қалады - Апталық шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада Үкімет басындағы ел ағалары Президенттің «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуына қатысты мәселелерді көтерген болатын.

Отырыста алғаш болып сөз алған ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов биыл «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыруға 387,4 млрд. теңге бөлінетіндігін мәлім етті.

«2017 жылға арналған бюджетте мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға 387,4 млрд. теңге сомасында қаражат көзделді. Сондықтан да «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын тиімді іске асыру мақсатында мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың барлығы қазірдің өзінде қажетті шараларды қолдануы және бюджеттік рәсімдердің уақытылы өткізілуін бақылауға алуы қажет деп санаймын. Қаржы министрлігінің тарапынан қаражатқа мониторинг жүргізу мен оның жұмсалуын бақылау жөнінде жұмыстар жалғастырылатын болады», - деді Сұлтанов.

Министрдің атап өтуінше, 2016 жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілген камералдық бақылаумен жалпы сомасы 221 млрд. теңгеге 420 мемлекеттік сатып алу рәсімі қамтылды, оның ішінде сомасы 55 млрд. теңгеге хабарламалар жіберілді. Бас мердігер және қосалқы мердігер ұйымдары ретінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына қатысатын 54 салық төлеуші бойынша камералдық бақылау жүргізілді.

Нәтижесінде сенімсіз төлеушілермен тауарларды жеткізудің, жұмыстарды орындаудың және қызметтер көрсетудің 1-4-інші сатысында өзара есеп айырысу жүргізілгені белгілі болды.

«Сонымен қатар «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына қатысушылардан бюджетке төленетін салықтың өсімі байқалады. Салық көлемі 2016 жылы 43,5 млрд. теңгені құрады, бұл 2015 жылға қарағанда 1,4 есе артық», - деді ол.

Өз кезегінде ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов бағдарлама аясында қаржының қай салаларға бөлінетінін жеке-жеке жіктеп айтып берді. Министрдің айтуынша, ағымдағы жылы жол құрылысына 143,5 млрд. теңге бөлінді.

«Өткен жылы жол құрылысын дамытуға 151,6 млрд.  теңге бөлінген болатын. Аталған қаражат толығымен игерілді. Осының нәтижесінде Астана-Теміртау, Алмалы - Қапшағай және Астана - Петропавл тас жолдарының құрылысы аяқталды», - деді Сүлейменов Үкімет отырысында.

Бұдан бөлек, өткен жылы инфрақұрылым желілерін дамытуға 77,9 млрд. теңге бөлінсе, ағымдағы жылы осы мақсаттағы қаржының көлемі 57,4 млрд. теңгені құрап отыр.

Ал мектептер мен балабақшалардың құрылысына бөлінетін қаражаттың мөлшері биыл артқан. Білім беру мекемелерін салуға 80 млрд. теңге бөлініп отыр. Өткен жылы осы мақсатқа 57,4 млрд. теңге жұмсалған.

Министрдің сөзіне қарағанда, былтыр тұрғын үй құрылысын дамытуға 192 млрд. теңге бөлінген. Соның 148,2 млрд. теңгесі толығымен игерілді.

«Негізі, құрылыс жұмыстарының ерекшеліктеріне байланысты қаржыны игеру мерзімі 2 жылды құрап отыр. Дегенмен, өткен жылы 225,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның бәрі 3 600 пәтерді құрайды. Бүгінде «Нұрлы жер» бағдарламасының қабылданғаны белгілі. Сондықтан аталған бағдарлама аясында осы бағыттағы шаралар бұдан әрі де атқарылатын болады», - деп атап көрсетті Сүлейменов.

ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында қаржы игеруде заң бұзушылықтар анықталғанын да жасырмады. Атап айтқанда, Атырау және Павлодар облыстары Ұлттық қордан берілген қаражатты бөлуде бюджет заңнамасын бұзған.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына бөлінген бюджет қаржысы жылдық жоспарға 100 пайызға жуық игерілді. Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын және тұрғын үй құрылысын, білім беру саласындағы инфрақұрылымды дамытуға арналған қаражат толық көлемде пайдаланылды», - деді ол.

Дегенмен, министрдің дерегінше, Халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлескен жобалардағы Қазақстан Республикасының үлесін қаржыландыру бойынша шығыстар 0,4 млрд. теңгеге атқарылмаған. Оған бюджет қаражатын үнемдеу мен жобаларды іске асыру кезіндегі баға айырмасы негізгі себеп болған.

«Жергілікті деңгейде де мемлекеттік бағдарлама қаражатын игеру қарқыны жоғары - 98,7 пайыз. 3,2 млрд. теңге, оның ішінде трансферттер бойынша 2,9 млрд. теңге, кредиттер бойынша 0,3 млрд. теңге атқарылмады, оның 0,9 млрд. теңгесі - үнемдеу», - деді Сұлтанов.

Бұл ретте ол трансферттер бойынша игермеудің ең үлкен сомасы Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарына тиесілі екендігін атап өтті.

Қаржы министрлігі таратқан мәліметтерге сәйкес, игерілмеген трансферттің 856,7 млн.теңгесі Ақмола облысының Бұланды ауданында индустриялық инфрақұрылым салу бойынша өтпей қалған конкурстар мен орындалмаған жұмыстарға байланысты.

354,5 млн.теңгесі Қостанай қаласында индустриялық аймақ құру бойынша жоспарланған іс-шаралардың уақытылы өткізілмеуіне, 181,1 млн.теңгесі Солтүстік Қазақстан облысында инженерлік желілер салу бойынша орындалмаған жұмыстар мен олардың кестеден кешігуіне байланысты, 170,2 млн.теңгесі Қарағанды облысында инженерлік коммуникациялар салу бойынша техникалық-экономикалық негіздемелерді, қаржы-экономикалық негіздемелерді, жобалау-сметалық құжаттаманы түзетуге және жоспарланған іс-шаралардың уақытылы өткізілмеуіне байланысты орын алған.

«Бұл ретте, Атырау және Павлодар облыстарының әкімдіктері тыйым салуға қарамастан, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға көзделген Ұлттық қордан берілген қаражатты инвестициялық жобалар арасында қайта бөлуге жол берген. Бұл бюджет заңнамасының бұзушылығы болып табылады және қайта бөлінген соманы 2017 жылғы 1 наурызға дейін Ұлттық қорға қайтару үшін республикалық бюджетке аудару қажет. 2017 жылғы 14 ақпандағы жағдайы бойынша жергілікті атқарушы органдармен қаражаттар қайтарылған жоқ», - деді Сұлтанов.

Осыған байланысты, Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында игерілмеген қаржы үшін облыс әкімдерін бір «сілкіп» алды.

Министрлердің баяндамаларынан кейін Премьер-Министр облыс әкімдерінен жеке-жеке жауап алды. Алдымен, Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин есеп берді. Себебі Бұланды ауданында инженерлік желілерді тартуға бөлінген 900 млн. теңге игерілмей қалды.

Облыс әкімі Кулагиннің сөзіне қарағанда, аталған қаржы жылдың соңында бөлінген. «Ақшаның жалпы сомасы - 1,1 млрд. теңге. Ол ақшаны үш лотқа бөліп, конкурс өткіздік. Біріншісі - су құбырлары жүйесі, 411 млн. теңге. Екінші лот - кәріз жүйелері, 300 млн. теңге. Ал үшінші лот - ол энергетика. Бірінші лот бойынша конкурсты бірден өткізіп, қарашаның орта шенінде тиісті жұмыстарды бастадық. Екіншісі бойынша конкурсты екі рет өткіздік. Желтоқсан айында кәріз жүйесін тартуды бастадық. Ал үшінші лот бойынша конкурсты екі рет өткізсек те, қаржылық бақылау қызметі жұмысты бастауға жол бермеді. Енді, ақша кеш бөлінді...», -  деді Кулагин.

Үкімет басшысы ондай жауапқа қанағаттанған жоқ.

«Негізі, қаржылық бақылау қызметі тексере ме, конкурсты уақытында өткізбеді ме, оның бәрі xалықты түртіп отырған жоқ. Ең бастысы, ақша бөлінді, ол игерілмей қалды. Соның салдарынан xалыққа тиісті жағдай жасалмады. Бәлкім, аймақтар жылдың соңында ақша сұраса, оны мүлдем бермеген дұрыс болар. Жылдың аяғында миллиард теңге бөлудің қандай пайдасы бар? Бәрібір конкурстың өтпейтінін, бақылаушы органдарының тексеріс жасайтынын білеміз. Одан да келесі жылға қалдырайық», - деп атап көрсетті Сағынтаев.

Осыдан кейін Қостанай облысының әкімі Арxимед Мұхамбетов игерілмей қалған 300 млн. теңге бойынша есеп берді. Ол да Кулагин сияқты қосымша қаржыны бөлгені үшін өз алғысын білдіріп, алдағы уақытта бюджет ақшасы уақытында игерілетінін жеткізіп бақты.

Оған шыдай алмаған Сағынтаев: «Екі облыс әкімінің айтқанынан түсінгенім, ақшаның игерілмей қалғанына мен кінәлі екенмін. Өйткені мені алдын ала ескерткен, маған баяндама жасаған. Енді, не үшін жауап алып отырсыңдар дегенге келтіріп жатыр. Ақшаны игере алмасаңдар, онда оны мүлдем сұрамаңдар. Маған алдын ала келмей-ақ қойыңдар, алдын ала ескертпесеңдер де болады. Мұны барлығына айтып отырмын», - деді Премьер-Министр.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов та өз баяндамасын судыратып жөнелгенде Үкімет басшысы: «Болды, болды, Ерік Хамзенұлы! Тура өлең оқығандай отырсыз ғой. 208 млн. теңгені игере алмай отырсыз, енді тағы уақыт сұрап жатырсыз», - деді.

Облыс басшысы жауап бере бастаған еді, Үкімет басшысы оны тыңдамай, Қарағанды облысының әкімін жауапқа тартты. Нұрмұxаммед Әбдібеков те барын салып, ақталуға тырысты. Оны тыңдап шыққан  Үкімет басшысы қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа шүйлікті. «Мен түсінбеймін, теxникалық-экономикалық негіздемені, жобалық-сметалық құжаттарға өзгеріс енгіземіз деп, құрылыс жұмыстарын қалай тоқтатуға болады? Бақыт Тұрлыxанұлы, ондай жобаларға қалай ақша бөлуге болады? Ақшаны алып алады да, түзету жасауға кіріседі. Президент сізге ескерту жасады ғой. Қатаң талап қойыңыз!", - деді Премьер-министр.

Бақыт Тұрлыxанұлы "Құп болады!" деп қысқа ғана қайырды.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев болса, игерілмей қалған 300 млн. теңгені наурызға дейін қайтаруға уәде етті. Павлодар облысының әкімі де ақшаны қайтаруға дайын. Дегенмен, Үкімет басшысы екі әкімді де бір «сілкілеп» алды. «Жасағаныңыз дұрыс, қайтарғаныңыз одан да жақсы. Алайда игерген кезде заңға сәйкес игеру керек. Заң бұзушылық болмау қажет!», - деп қадап айтты.

«Әрине, бақылау жұмысы жалғасатын болады. Былтыр қалай игерілді, кімде қандай проблема бар, неге игерілмеді, соның бәріне талдау жасап, келесі жылғы бюджетті таратқанда ондай әкімдіктерге қосымша қаржыны бөлмейміз. Сөйтіп, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қаржы бөлу жүйесін қолма-қол басқарып отырамыз. Бюджет қаржысын игеруді екінші жартыжылдыққа қалдырмай, бәрін бір жылдың ішінде біркелкі игеруді қамтамасыз етуіміз керек. Жалпы, қаржы игеру жағынан нақты көрсеткіш бар. Ол - жұмыстың нәтижесі. Ондай көрсеткішке жетпеген органдардың жеке жауапкершілігі де қарастырылған», - деді Қаржы министрі Сұлтанов.

Министрдің айтуынша, конкурстарды өткізу кезінде қаржылық бақылау шаралары бюджет ақшасын игеруге тосқауыл болып жатады. Сол себепті бүгінде мемлекеттік аудит сияқты камералдық бақылаудың арқасында қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмысы жүргізіледі. «Осының нәтижесінде біз 55 млрд. теңгені құқық бұзушылыққа дейін жеткізбей, конкурстардың уақытында әрі тәртіп бұзушылықсыз өтуіне жағдай жасадық. Дегенмен, қаржылық бақылаудың нәтижесі де жоқ емес. Мәселен, өткен жылы 5 мемлекеттік қызметші 500 мың теңге айыппұл төледі. Бұдан бөлек, 24 адам тәртіптік жазаға тартылды және бір адам жұмыстан қуылды», - деп атап көрсетті қаржы министрі.

 

Халықтың көптен күткен жобалардың бірі - «Жезқазқан - Қызылорда» тас жолының құрылысы

ҚР Инвестициялар және даму министр Жеңіс Қасымбектің айтуынша, «Жезқазқан - Қызылорда» тас жолының құрылысы келесі жылға шегерілді.

«Аталған жол бойынша біз былтыр ақпарат бергенбіз. Үстіміздегі жылдың соңында тиісті жұмысты бастаймыз деген жоспар болған. Осы жоба бойынша Еуропа даму банкімен келіссөздер өткізгенбіз. Сосын Үкіметте бір-екі рет осы мәселе көтерілген. Облыс әкімдігі де талай рет көтерді. Бірақ биылғы жылда қаражат бөлінген жоқ. Оны келесі жылға қалдырып отырмыз», - деді Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслиxатында.

Оның айтуынша, Үстіміздегі жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 4,4 мың шақырым жолдарда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Соның ішінде жаңадан салынатын жолдар да бар.

«Бәріңіз жақсы білесіздер, орталық пен батысты, орталық пен шығысты, оңтүстікті қосамыз. Сондай-ақ Алматы-Талдықорған, ары қарай Өскеменге баратын жол, Ақтөбеден Астраxаньға баратын жол, Ақтауға баратын жол, Оралға. Жалпы, биыл жол құрылысына 100 мың адам қатысады деген жоспар бар», - деп атап көрсетті министр.

Оның сөзінше, жалпы жол құрылысына пайдаланылатын отандық материалдар үлесі 90 пайыздан асты.

«2016 жылы «Нұрлы жолдың» автожол жобаларына 324,8 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде Ұлттық қордан  151,3 млрд. теңге. Бөлінген қаражаттың есебінен республиканың 12 облысында 1,7 мың шақырым жол қайта жөнделді. Олар: Батыс Еуропа - Батыс Қытай, Орталық - Оңтүстік, Орталық - Шығыс, Бейнеу - Ақтау, Алматы - Өскемен, Астана - Петропавл, Ақтөбе - Атырау және Орал - Каменка жолдары», - деді ол.

Министрдің айтуынша, барлық жобаға 75 мың адам тартылды және отандық өндірушілер материалдарының үлесі 90 пайыздан асты.

«2016 жылы 913 шақырымда құрылыс жұмыстары аяқталып, оның ішінде жыл қорытындысы бойынша, 767 шақырым жол пайдалануға берілді. Батыс Еуропа  - Батыс Қытай транзиттік дәлізі, Астана - Теміртау, Алматы -Қапшағай, Қапшағай - Балпық би, Бейнеу - Шетпе және Көкшетау - Петропавл учаскелері бойынша қозғалыс толық ашылды», - деді Қасымбек.

Сонымен қатар Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев еліміздің Мәдениет және спорт министрлігіне Алматыда өткен 28-інші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне сыйақыларды дер уақытында төлеуді тапсырды.

Премьер-Министр өз сөзінде Алматы Универсиадасын өткізу барысында үлкен жұмыстар  атқарылып, қаланың тыныс-тіршілігіне қолайлы жағдайлар жасалғанын  атап өтті.

«Мұны не үшін айтып отырмын? Біз ЕХРО көрмесін үш ай бойы өткізуіміз керек. «Мұнша көп қаржыны несіне шығындадық?» деген күмәнді түсінемін. Баяндамада айтылғандай, бөлінген 13 млрд. теңгенің (Универсиада ойындарына бөлінген қаржы - ред.) 4 млрд. теңгесін үнемдегеннің өзінде Алматы қаласы үлкен пайда тапты. Ал бұл жерде ЕХРО-дан Астанаға ғана емес, бүкіл еліміз зор пайда көретін болады», - деді Сағынтаев.

Осы ретте Үкімет басшысы қазірден бастап барынша жинақы бола отырып, еліміз үшін имидждік шара саналатын ЕХРО-ны жоғары деңгейде өткізу қажеттігін баса айтты.

«Біз оны да жоғары деңгейде өткіземіз деп ойлаймын»,-  деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар ол Алматы Универсиадасын ұйымдастырушыларға және зор спорттық жеңіске жеткен спортшыларымызға ризашылығын білдірді.

«Осыған орай Мәдениет және спорт министрлігіне Универсиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ олардың жаттықтырушыларына сыйақыларды дер уақытында төлеуді тапсырамын. Сәйкесінше қаулы дайындап, созып алмай, Премьер-Министрдің Кеңсесіне енгізіңіздер», - деді Сағынтаев.

Соңғы жаңалықтар